Украина қорғаныс министрлігіне қарасты басты бөлімдердің бірінің жетекшісі артиллериялық снарядтарды сатып алуға бөлінген шамамен 40 млн долларды жымқыруға қатысы бар деген күдікке ілінді. Бұл жөнінде Украина қорғаныс министрлігі хабарлады.
Украина қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, 2022 жылы желтоқсанда шенеунік бір компаниямен құны 1,5 млрд гривен болатын артиллериялық снарядтарды сатып алу бойынша келісімге қол қойған. Ақша компанияның есепшотына түспеген, ізінше министрлік сол өндірушімен дәл сол снарядтарды сатып алу бойынша жаңа келісім жасасқан.
Украина бас прокурорының айтуынша, шенеунік салдары ауыр "Украина әскерінің заңды қызметіне кедергі келтірді" деген күдікке ілінген. Бұл бап бойынша 15 жыл түрмеге кесілуі мүмкін.
- Украина және Ресей армиясы артиллериялық оқ-дәрі тапшылығына жиі ұшырап келеді. Мәскеу оларды Солтүстік Кореядан сатып ала бастағаны айтылды, Киевке Батыс елдері қару-жарақпен көмектесіп жатыр.
- Қыркүйекте The New York Times басылымы Эстония қорғаныс министрлігінің өкілі Кусти Салманың сөзін үзінді қылып басқан. Онда министрлік өкілі Ресей АҚШ пен Еуропаға қарағанда жеті есе көп снаряд шығарады деп айтқан. Әскери сарапшылардың пікірінше, Украина әскерінің 2023 жылы көктем мен жазда қарсы шабуылының сәтсіз болуына снаряд тапшылығы себеп болған.
- 2023 жылы қыркүйекте Украина қорғаныс министрі Алексей Резников отставкаға жіберілді. Кей сарапшылар бұған ведомстводағы жемқорлық даулары себеп болғанын айтады. Резников министрлікте жемқорлық барын жоққа шығарған.