Тергеу органдары сотқа тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқығын қорғайтын "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Динара Смаилованы (Таңсәрі) қамауға алу туралы өтініш түсірді.
Тергеушінің тергеу сотына өтініш түсіргенін Смаилова хабарлады. 27 желтоқсанда Өскемен қаласының тергеу соты тергеушінің өтінішін қарауға тиіс болатын, алайда сот үзіліске кеткен.
"Бізді іспен толық таныстырған жоқ. Прокуратурадан құжаттар күтіп отырмыз" деді Смаилова Facebook желісінде.
Динара Смаилованың адвокаты Гүлнара Жуаспаева "Власть" басылымына берген сұхбатында "Алаяқтық" (190-бап, 4-бөлігі) бойынша қамауға алу туралы сотқа түскен өтініштің көшірмесін көрсеткен. Адвокаттың айтуынша, оларға танысуға тиіс құжаттар әрі берілмеген.
27 желтоқсанда сәл ертерек Смаиловаға Қазақстанда іздеу жарияланғаны белгілі болған еді. Ақпаратты жергілікті агенттіктер таратты.
Өткен айда полиция "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Динара Смаилова мен оның жолдасына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқаны хабарланған. Полицияның өтінішімен қордың шоты бұғатталған. Билік ресми түрде Смаиловаға қылмыстық іс жөнінде хабарламаған. Екі жылдан астам уақыт бойы шетелде тұрып жатқан құқық қорғаушы сол кезде қорға ақша аударған қазақстандықтарды полиция тергеуге шақырып, алаяқтық туралы арыз жазуға көндіруге тырысып жатқанын жазған. Құқық қорғаушының пікірінше, билік өзін қаралап, елде жазасыз қалып жатқан, кеңінен етек алған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жөнінде айтқан қорды жапқысы келеді.