Accessibility links

Nikkei: Путин Си Цзиньпинге Ресей Украинада бес жыл соғысатынын айтқан


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Қытай басшысы Си Цзиньпин
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Қытай басшысы Си Цзиньпин

2023 жылдың наурыз айында Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Мәскеуге сапары кезінде Ресей президенті Владимир Путин қытай әріптесіне Ресей Украинада кемінде бес жыл соғысатынын айтқан. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Жапонияның Nikkei басылымы жазды.

Басылым дереккөзінің пікірінше, Путин соғыстың созылғаны Ресейге тиімді екенін, ақыры Мәскеу одан жеңіп шығатынын меңзеген. Ресей президенті бір жағынан Қытайдың ұстанымын өзгертпеуге де тырысқанға ұқсайды, деп топшылайды дереккөз.

"Алайда Қытай басшылығының "бес жыл соғысамын" деген Путиннің мәлімдемесіне сене қоюы екіталай" деп жазды басылым.

Nikkei басылымы Путиннің атысты тоқтатуға емеурін білдіруі жайлы "сигналдарға" толық сенуге болмайтынын да ескертеді.

23 желтоқсанда The New York Times басылымы Кремльмен байланысын үзбеген Ресейдің бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктеріне сүйене отырып, "Ресей президенті Владимир Путин қазіргі майдан сызығында Украинадағы соғысты "тоқтату" туралы келіссөзге дайын" деп жазған. Ресей өкілдеріне сүйенген басылым Путин "тәуекелді азайтуға" тырысып, өзі күткеннен де әлдеқайда созылып кеткен соғысты аяқтаудың түрлі амалдарына дайын деп айтқан.

Nikkei дереккөздерінің пікірінше, Путин бейбітшілікке ұмтылып жатқандай кейіп танытып, осылайша Ресейдегі президент сайлауы алдында "жағымды образға" енгісі де келуі мүмкін.

  • 2023 жылы наурызда Мәскеуге сапары кезінде Си Цзиньпин мен Владимир Путин Украинадағы жағдайды реттеуге қатысты Пекин ұсынған жоспарды талқылаған. Киев сол кезде Қытай жоспары Украинаға қарағанда Ресейге тиімдірек, ал Ресей әскерін Украинадан әкеткен кезде ғана Киев келіссөзге барады деп мәлімдеген. Қытай ұсынысы Украинадан гөрі Ресейге тиімді екенін АҚШ пен Еуроодақ та мәлімдеген. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Си Цзиньпиннің Мәскеуге сапарының ар жағында Ресейдің Украинадағы ықтимал әскери қылмыстарын "дипломатиялық жолдармен жасыру" ниеті жатыр деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG