Accessibility links

Қытайда жаңа қорғаныс министрі тағайындалды. Кейбір БАҚ бұрынғы министр жемқорлық күдігіне ілінгенін жазды


Қытай ұлттық халық жиыны қорғаныс саласының жоғары шенді офицері Донг Джунды қорғаныс министрі етіп тағайындады. Бұл жөнінде 29 желтоқсанда Синхуа агентті хабарлады. Қазан айында Қытайдың қорғаныс министрі, генерал Ли Шанфу қызметінен алынып, мемлекеттік кеңестің қатарынан шығарылған. Батыстың кейбір ақпарат құралдары Ли Шанфу және Қытай қарулы күштерінің өзге де бірқатар офицерлері жемқорлық бабы бойынша тергеліп жатқанын жазды. Алайда оған қатысты ресми ақпарат шықпады.

Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдарына сүйенген BBC ақпарат агенттігінің жазуынша, осы аптада қорғаныс саласының жоғары лауазымды тоғыз қызметкері тұрақты комитеттен шығарылған. Апта басында әуе қорғаныс жүйесімен айналысатын мемлекетке қарайтын кәсіпорынның үш басшысы жоғары саяси консультативтік органнан қуылған.

Кей сарапшылар бұл әскери басшыларға қарсы бағытталған "тазалау" жұмысының ұлғайғандығынан хабар беруі мүмкін деп топшылайды.

Биыл жазда Қытай сыртқы істер министрі Цинь Ган қызметінен алынып, жұртқа көрінбей кеткен. Қытай билігі Цинь Ган мен Ли Шанфудың қызметтен алынуы жөнінде түсініктеме бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG