Accessibility links

Астана әуежайында ауа райына байланысты ондаған рейс кешігіп жатыр


Боранда кетіп бара жатқан адам. Көрнекі сурет.
Боранда кетіп бара жатқан адам. Көрнекі сурет.

Ауа райына байланысты Астана әуежайында ондаған рейс кешігіп жатыр. Сенбі күні азаматтық авиация комитеті осылай деп мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта қолайсыз ауа райы және тұрақ орындарының болмауына байланысты Астана әуежайынан 10 рейс ұша алмады, әуежайға 20 рейс келе алмады" деп жазылған комитеттің хабарламасында. Олардың біраз бөлігі – жергілікті рейстер, халықаралық рейстер де бар.

Ведомствоның хабарлауынша, сенбі күні күндіз жел жылдамдығы секундына 18 метр болған. Көріну дәрежесі – 100-150 метр. Қалада боран соғып жатыр. Комитеттің айтуынша, ұшақтарда мұз қатпауды қамтамасыз ететін жұмыстарды "жел жылдамдығы – 15 м/с дейін, көріну 800 метрден астам, сонымен бірге жауын-шашын болмаған жағдайда ғана" жүргізуге болады.

Ведомство және Астана әуежайы сонымен бірге әуе компаниялары бұған дейін жолаушыларды шыдамдылық танытуға шақырып, рейстер туралы ақпараттарды сайттардан, әуежайдың анықтама қызметінен тексеріп отыруға үндеген.

Кешеден бері әлеуметтік желіде қолданушылар Астана әуежайынан түсірілген фото-видеоларды салып жатыр. Видеолардың бірінде халықтың жиылып шағымданып тұрғаны, оқиға орнында полиция жүргені де көрінеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG