Accessibility links

Ресейдің Белгород қаласы атқыланды: 20 адам қаза болды, 100-ден астам адам жараланды


Белгород, 30 желтоқсан 2023 жыл.
Белгород, 30 желтоқсан 2023 жыл.

30 желтоқсанда күндіз Ресейдің Украинамен шекарасындағы Белгород қаласы атқыланды. Ресей төтенше жағдай министрлігі кемінде 20 адам қаза болғанын хабарлады.

Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков қаза болғандар арасында үш бала барын айтты.

Төтенше жағдай министрлігі 111 адам зардап шеккенін айтты.

Бұл соғыс басталғалы бергі Белгород қаласындағы ең ірі атқылау, деп жазды BBC-дің Орыс қызметі.

Жуырда Ресей әскері Украинаны қанатты зымыран және дрондармен жаппай атқылаған. Сарапшылар оны соғыс басталғалы бергі Ресей әскерінің ең ірі соққысы деп атады. Соққыдан шамамен 40 адам қаза болды.

Ресей қорғаныс министрлігінің айтуынша, Украина әскері сенбі күні "тыйым салынған кассеталық оқ-дәрімен жабдықталған "Ольха" ракетасымен Белгород қаласына көзсіз соққы жасаған, сонымен бірге РСЗО Vampire реактивті снарядтарын да пайдаланған". Ақпаратқа қарағанда, әуе қорғаныс жүйесі "Ольха" мен РСЗО Vampire реактивті снарядтардың басым бөлігін атып түсірген. Алайда бірнеше реактивті снаряд пен атып түсірілген "Ольха" ракетасының кассеталық бөліктері Белгород қаласына түскен.

Украина әскері оқиғаға түсініктеме берген жоқ. Әдетте Киев Украина қарулы күштері Ресей аумағын атқылағаны туралы ақпараттарға түсініктеме бермейді. Украиналық "Суспильне" арнасы дереккөздерге сүйене отырып, Белгородқа соққыны Украина әскері жасады деп жазды. Украина әскері қаладағы әскери және өнеркәсіптік нысандарды көздеген.

"Украинская правда" басылымы арнайы қызметтегі дереккөздерге сүйене отырып, Украина әскері әскери нысандарға шабуыл жасады, алайда Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің олақтығы салдарынан ракета сынықтары қала орталығына түсті деп жазды. Атқылау жөнінде тәуелсіз дереккөздерден ақпарат жоқ.

Қолданушылар мен телеграм-арналар атқыланған Белгород қаласынан суреттер мен видеолар жариялады. Видеолардан зардап шеккен адамдар, өртенген көліктер, бүлінген үйлер көрінеді. Сауда орталығы да бүлінген.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларға қарағанда, жарылыстардың бірі Собор алаңында болғанға ұқсайды. ТЖМ мәліметінше, қалада он өрт ошағы анықталған.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей президентіне Белгород қаласының атқыланғаны жөнінде хабар берілгенін айтты. Қалаға Ресей денсаулық сақтау министрлігінің мамандары кеткені белгілі болды.

Ресей Белгород қаласының атқылануына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізуді сұрады. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова "атыстың ар жағында Ұлыбритания тұр" деп Батыс елдерінің бірін айыптады. Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Василий Небензя Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Украинаны "теракт" жасап отыр, ал Батыс елдері "соған көмектесіп жатыр" деп айыптады. Ал Батыс елдерінің өкілдері отырыс кезінде "Ресей Украинаға басқыншылық жасамағанда Белгородта адамдар құрбан болмас еді" деді. Ұлыбританияның өкілі Белгородтағы адамдардың өліміне кінәлілерді іздеуді президент Владимир Путиннен бастау керек деп мәлімдеді.

БҰҰ бас хатшылығының кеңсесі сенбі күні кешке "халық пен азаматтық инфрақұрылымдарға шабуыл халықаралық құқыққа қайшы, ол дереу тоқтатылуы тиіс" деп мәлімдеді.

  • 29 желтоқсанда Ресей Украинаны қанатты зымыран және дрондармен жаппай атқылап, кемінде 40 адам қаза болған, ондаған адам жараланған. Сарапшылар оны соғыс басталғалы бергі Ресей әскерінің ең ірі соққысы деп атады.
  • Ресей Украинаға басып кіргелі бері БҰҰ мәліметінше, шамамен 10 мың бейбіт тұрғын қаза болған. Қаза болғандар саны бұдан әлдеқайда көп. Ресей аумағындағы атқылаулардың салдарынан ондаған адам өлген.
  • Ресей қорғаныс министрлігі 30 желтоқсанға қараған түні Ресей әскері Брянск, Орлов, Курск және Мәскеу облысында Украина жіберген 32 дронды атып түсіргенін хабарлаған.
XS
SM
MD
LG