Accessibility links

West oil жұмысшылары Астанаға өкіл жібергенін, бірақ билік оларды елемей отырғанын айтты


Маңғыстау облысындағы West Oil компаниясының жұмысшылары мәлімдеме жасап тұр. 31 желтоқсан 2023 жыл.
Маңғыстау облысындағы West Oil компаниясының жұмысшылары мәлімдеме жасап тұр. 31 желтоқсан 2023 жыл.

Маңғыстау облысындағы West oil мұнай-сервистік компаниясының жұмысшылары ереуілінің 21-күнінде Қазақстан билігіне тағы үндеу жолдап, үкімет басшылары мұнайшылардың Астанаға кеткен өкілдері кездесуге "құлықсыз" болып отырғанын мәлімдеді.

"Айтарға сөзіміз таусылды. Бізді соттады, жеті адамды жұмыстан шығарды. Біз жайлы әртүрлі жалған ақпарат таратты. Ұжым атынан өкілдерімізді Астана қаласына жібегенбіз. Алайда сол өкілдерімізбен қолында билігі бар үкімет басшылары кездесуге құлықсыз. Әлихан Смайылов, ел тағдырын қолыңызға ұстап отырып үнсіз қалуыңыз сізге сын. Қайда біздің "жаңа Қазақстан"? Қайда біздің "естуші үкімет"? Қайда біздің мандат аларда жан берісіп, жаға жыртысып сайланған депутаттар? Әлде сол депутаттар арандары ашылған олигархтардың қолшоқпары болып кеткен бе? Біздің сұрап отырған талабымыз – ел болашағы. Әділ шешім шыққанша, заңды ереуілімізді тоқтатпаймыз" деді ереуілдегі мұнайшылар.

Мұның алдында West oil қызметкерлері шарасы таусылғанын, сол себепті Астанаға баратынын айтқан. "БӘСЕ" Telegram-каналының 30 желтоқсан күні түсірілді деген видеосында West oil компаниясының бес қызметкері Астанадағы шенділермен кездесуде мәжіліс депутаттарымен жолыға алмағанын айтқан.

Мұнайшылар 11 желтоқсаннан бер ереуілде тұр. Олар West Oil компаниясын "ҚазМұнайГаздың" мердігері Oil Transport corporation (ОТК) балансына қосуды, бірыңғай төлем жүйесін енгізуді және материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап етеді. Бұған дейін ҚМГ олардың алғашқы екі талабы орындалмайтынын айтқан. Ереуіл барысында мұнайшылар қысым күшейгенін мәлімдеген. Кейбірі жұмыстан қуылған. Ал жергілікті сот ереуілді заңсыз деп таныған. Сот шешімімен келіспеген жұмысшылар сотқа қатыспағандарын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG