Accessibility links

"Кеттің бе – қайырылма!". Тоқаев жаңа сұқбатында Қаңтардағы "қаскөй топ" пен "қос билік" жайлы айтты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен "Егемен Қазақстан" газетінің басшысы Дихан Қамзабекұлы.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен "Егемен Қазақстан" газетінің басшысы Дихан Қамзабекұлы.

Бүгін, 3 қаңтарда "Егемен Қазақстан" басылымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді сұқбатын жариялады. Сұқбатта Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты, әлеуметтік-экономикалық жағдайы сөз болған. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына баға беріп, оқиғаны "қаскөй топ" ушықтырды деп мәлімдеген. Сұқбатында қаскөй топ туралы бірнеше рет атағанымен, олардың кім екенін айтпаған. Алайда "Назар­баевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал­қа­нын шығара жаздағанын ашық айттым" дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"ЫҚПАЛДЫ АДАМДАР КІМ?"

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұқбаты Қаңтар оқиғасының екі жылдығына тұспа-тұс келді. Бұған дейін Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасы кезінде "билікті басып алмақ болды" деген айыппен Ұлтық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен орынбасарларын, тағы да басқа басшы қызметкерлерді қылмыстық жауапқа тартып, соттаған. Бұрын билікте жүрген жоғары лауазымды адамдар Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен шеттетілген еді.

Тоқаевтан сұқбат алған "Егемен Қазақстан" газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы Қаңтар оқиғасына не себеп болды деген сұрақ қойған.

Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын "Егемен Қазақстан" газетінің нөмірлері. Архив.
Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын "Егемен Қазақстан" газетінің нөмірлері. Архив.

Тоқаев оған басапқыда "қасі­ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды" деп жауап берген. Алайда ізінше оны "2019 жылы өзі президент болып сайланған соң саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрғанын "мүлде ұнатпаған кейбір ықпалды адамдардың" әрекеті деп сипаттаған. Бірақ ықпалды адамдардың кім екенін атамаған.

– Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің "ерекше мәртебесіне" төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын., кейді тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, "жоғары лауазымды тұлғалардан тұра­тын бұл топтың күштік құрылым­дарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болған. Сондықтан билік­ті күшпен басып алуға бел буған".

Тоқаев сұқбатында Бас прокуратураның тергеу мәліметтерін бірнеше рет алға тартқан. Тоқаев келтірген бас прокуратура мәліметіне қарағанда "қаскөй топ 2021 жылдың ортасына таман да­йын­дыққа кіріскен". Тоқаев бұл мәліметке "Сосын үкімет сұйы­тылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқық­тық негізі жоқ шешім қабылда­ды" дейтін уәж келтірген.

Газ бағасын өсіру туралы шешім қабылдаған үкіметті көп жыл Қазақстан билігінде жүріп, Назарбаев тұсында премьер-министрлікке тағайындалып, Тоқаевтың өзі екі рет қайта бекіткен Асқар Мамин басқарған еді. Қаңтар оқиғасы ушыққан кезде Асқар Маминді Тоқаев қызметінен алған. Бірақ Асқар Мамин Қаңтар оқиғасы бойынша қандай да бір жауапқа тартылмаған.

"ҚАҢТАРДАҒЫ ЛАҢКЕСТЕР"

Тоқаев Қаңтар оқиғасын үш толқынға бөлген. "Сырттан келген лаң­кестермен байланысы бар қыл­мыс­тық топтар өршелене іске кіріс­кенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды" деп сипаттайды.

Қазақстан президенті сұқбатында "Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топ­тар және әсіре діншілдер бірге қи­мылдады. Олардың мақсаты ел іші­не үрей туғызу, мемлекеттік инс­ти­тут­тардың қызметін тұралату, конс­ти­туциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді" деп мәлімдеген. Ол осыған ұқсас мәлімдемені Қаңтар оқиғасы кезіндегі үндеуінде де айтып, сырттан 20 мың бандит кірген" деген еді. Алайда "20 мың бандит" туралы мәліметін Twitter әлеуметтік желісінен көп ұзамай жойып тастаған.

"Қаңтар оқиғасы кезінде Орталық Азиядағы кейбір елдерден ұшақпен ұшып келіп, қайта ұшып кеткен террористер" туралы ақпарат та кейін ресми түре расталмаған. Қазақстан құқық қорғау органдары Қырғызcтанмен шекарада ұстап, "жалдамалы экстремист" ретінде көрсеткен Қырғызстан азаматының қарапайым музыкант екені кейін белгілі болған. "Қазақстан құқық қорғау органдары жазықсыз ұрып-соқты" деген Қырғызстан азаматы сотқа да берген.

Тоқаевтың "әсіредіншіл" деп кімдерді айтқаны да белгісіз. Қаңтар оқиғасынан кейін осы оқиғаға қатысы бар діни топ ретінде "Йакын Инкар" діни ағамының он шақты адамын ұстап, суретіне дейін жариялағанымен, әрі қарай олардың нақты қандай әрекет жасағаны, жауапқа тартылғаны жөнінде билік ешбір ақпарат жарияламаған. "Йакын Инкардан" өзге қандай да бір діни топ Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, жауапқа тартылған емес.

ТОҚАЕВҚА "КЕТ" ДЕГЕН КІМ?

Тоқаевтың сұқбатында Қаңтар оқиғасы кезінде Ақордадан кетпей, табандылық танытқанын баса айтқан.

– Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым, – дейді Тоқаев. Алайда өзіне "кет" деп кім, қандай жағдайда айтқанын бұл сұқбатында да ашып айтпаған.

Тоқаевқа Ақорданы тастап кету жөнінде ұсыныс жасалғаны туралы бұған дейін бірнеше ақпарат шыққан. "Маған Тоқаевтың өзі айтты" деген жазушы да, "Ақорданың ішінде президенттің күзет қызметімен ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов күзетінің арасында төбелес болып, пышақтасқан, қан төгілген" дейтін журналист те болған.

Журналист Гүлнар Бажкенова тіпті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кәрім Мәсімовтің қытай тіліндегі диалогына" дейін тәптіштеп баяндаған. Алайда билік бұл мәліметті не жалған, не рас ақпарат екенін айтпаған еді.

"ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫН "КӨТЕРІЛІС" ДЕУ – ҚЫЛМЫСТЫ АҚТАУ"

Президентпен сұқбаттасқан "Егемен Қазақстанның" бас директоры Қаңтар оқиғасына "демек бұл жүзеге аспай қалған мемлекеттік төңкеріс қой" деп баға беріп, "ендеше Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі, тіпті революция деп атап жүргендерге не айтар едіңіз?" деген сұрақ қойған.

Тоқаев бұл сұраққа "Кім бейбіт шеру­ге автомат, тапанша және суық қару ұс­тап барады?! Ниеті дұрыс адам әске­ри қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкім­шілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын" деп жауап берген.

– Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қыл­мыс­тық әрекеттерді ақтау үшін айтылу­да. Барып тұрған бұзақыларды ба­тыр­ға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңар­жақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс, – дейді Тоқаев.

Қоғамда Қаңтар оқиғасы – халықтың жаппай көтерілісі дейтін де пікірлер бар.

ҚАЗАҚСТАНДА "ҚОС БИЛІК БОЛДЫ МА, ЖОҚ ПА?

Сұқбатта Қаңтар оқиғасына дейінгі "қос билік" туралы да сөз болған. Тоқаев бұл жөнінде "бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. "Билік транзиті" кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде президент әрі жоғарғы бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы президент иеленген қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді" деп жауап берген.

2018 жылғы 15 тамызда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты қабылдап отыр.
2018 жылғы 15 тамызда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты қабылдап отыр.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев президет өкілетін 2019 жылы Тоқаевқа тапсырып, өзі қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қалғанда саяси сарапшылар "қос билік" орнағанын әлденеше рет айтқан. Бірақ оны Тоқаевтың өзі де, Назарбаев та бірнеше рет жоққа шығарған еді.

Тоқаевтың сөзінше, "дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болған".

– Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни "тандем" идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал­қа­нын шығара жаздағанын ашық айттым, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда "қос билік" бар деген болжам күшейген шақта бұл сұрақты журналистер сол кездегі әділет министрі Марат Бекетаевқа қойған болатын. Министр "қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілетін ашық айтып, дауға қалған. Сол кезде-ақ президентттің баспасөз қызметі "билік президентте" деп жауап бергенімен, қоғамда сенімсіздік қалған.

Қазақстан президенті Қаңтар оқиғасы жөнінде Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлескенін, оның серіктерінің әрекеті туралы айтқанын бұған дейін айтқан емес. Алайда Тоқаев бұл жолы да "Назарбаевтың серіктері" кім екенін айтпаған.

САЯСИ ТҰТҚЫН БАРЫН МОЙЫНДАУ ҮШІН САЯСИ ТҰТҚЫН ТУРАЛЫ ЗАҢ КЕРЕК ПЕ?

Газет басшысының Қазақстанда саяси тұтқын бар ма деп сұрағанына Тоқаев "Біздің заңнамамызда азаматтарды сая­си көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ" деп жауап берген.

Мемлекет басшысының пікірінше "саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалау­шы органдар болуы керек" керек екен.

Бірақ халықаралық тәжірибеде ешқандай билік саяси тұтқын барын мойындамайды және саяси қудалау үшін арнайы заңдарға жүгіне бермейді. Мәселе билік тармақтарының орталық билікке тәуелдігінде. Қазақстанда атқарушы биліктің сот билігіне ықпалы зор саналады.

Кейінгі жылдары Қазақстан билігін сынаған, оған қарсы шыққан бірнеше адам сотты болды. Оларға "экстремистік ұйымның жұмысына араласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген сияқты айыптар тағылған. Бірақ олардың өздері де, құқық қорғаушыларда істердің саяси астары барын айтқан.

"ПРЕЗИДЕНТ МЕРЗІМІ БҰДАН БЫЛАЙ ӨЗГЕРМЕЙДІ"

Тоқаев сұқбатында "қос билік" идеясын бірлеу дәріптеді десе де бұрынғы президентті жанама сынағандай көрінген.

– Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. "Кеттің бе – қайы­рыл­ма!" Болашақта ел тізгінін ұс­тайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс, – дейді.

Тоқаев сұқбат алған "Егемен Қазақстан" бас директорының сөзінше, "әлеуметтік желіде президент конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр деген қауесет тарап жатқанын айтқан. "Бұл – рас па?" деп сұраған.

Айта кетерлік жайт, әлеуметтік желіде мұндай қауесет тарағаны байқалмаған. Тоқаев мұны "жалған ақпарат" деп санайды. Оның сөзінше "Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді".

Қазақстан конституциясы Назарбаев тұсында бірнеше рет және жылдам өзгергені мәлім. Президент өкілетін Назарбаев бірде созып, бірде қысқартқан. Конституцияны өзгерту, "бір адам бір реттен артық президент бола алмайтыны туралы" норма енгізу туралы туралы Тоқаевтың бастамасы да қарсылықсыз қабылданған.

Осыған ұқсас конституциялық өзгерістер көрші елдер де де болған. Қырғызстан 2010 жылы президент Құрманбек Бәкиев биліктен тайдырылған соң "бір адам бір рет қана президент бола алатын" норманы енгізіп, енді қайтып бұл норма өзгермейтінін мәлімдеген. Кейін билікке келген Садыр Жапаров конституциядағы бұл норманы қайта өзгерткен болатын.

Қазақстан президенті "Пре­зи­­дент Тоқаев жүйені тұралатып тас­та­ды, ешқандай өзгеріс болған жоқ, ескі кадрлар орнында қалды" деген пікірлерге де жауап беріп, оны "астарында қоғамның шыр­қын бұзып, мемлекеттілігіміздің іргес­ін шайқайтын пасық ниет жатқан сыңаржақ пікір" деп мәлімдеген. Президенттің айтуынша, мұндай сөзді "кейбір сарапшысымақтар" айтып жүр.

Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа да баға беріп, "оның Қазақ­стан­ның тәуелсіз мемлекет болып қалып­тасуы­на қосқан үлесін бәрі біледі. Әділ тарихи бағасын алуға лайық адам" деп сипаттаған.

2019 жылы наурызда Қазақстан билігіні Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алған Қасым-Жомар Тоқаев Қазақстанда саяси реформа жүргізетінін айтқан еді. 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын Назарбаевтан белгісіз жағдайда қолына алған соң "Жаңа Қазақстан – Екінші Республика" құратынын, барлық деңгейдегі сайлауды әділ өткізетінін мәлімдеген. Алайда Тоқаев билікке келгелі өткізілген сайлаулар бұрынғы сайлаудан айырмасы жоқ дейтін пікірлер толастаған емес.

Тоқаев "Егемен Қазақстанға" берген бүгінгі сұқбатында "негізгі саяси реформалардың аяқталып та қалғанын" мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG