Accessibility links

АҚШ барлауы: ХАМАС Газа ауруханасын командалық пункт ретінде пайдаланған


"Әл-Шифа" аруханасының астындағы туннелге апарар жол
"Әл-Шифа" аруханасының астындағы туннелге апарар жол

Еуропа одағы мен АҚШ террор ұйым санатына қосқан ХАМАС және "Ислам жиһады" радикал топтары Газадағы "Әл-Шифа" ауруханасын командалық пункт әрі оқ-дәрі қоймасы ретінде пайдаланған. ХАМАС 2023 жылы 7 қазанда Израильге шабуыл жасағанда әкеткен бірнеше кепіл адамды сол жерде ұстаған. Бұл жайт Америка барлауының мәліметінде айтылған деп хабарлайды АҚШ баспасөзі.

Құжат мазмұнымен таныс АҚШ билігі өкілінің сөзіне қарағанда, ХАМАС пен "Ислам жиһады" аурухана мен оның астында бункерлерді паналап, Израиль әскері жетерден бірнеше күн бұрын құжаттар мен электронды құралдарды жойып, шығып кеткен. Бұл қорытынды АҚШ пен Израильдің барлау мәліметтері бойынша жасалған.

Израиль әскерінің "Әл-Шифа" ауруханасын содырлардан тазарту операциясы халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, құқық қорғаушылардың сынын көбейткен еді. Олар азаматтық нысанға шамадан тыс әскери құрал қолданды деп санайды. Шабуыл салдарынан ауруханада емделіп жатқан адамдар жапа шегіп, медициналық көмекке мұқтаж жандар жәрдем ала алмай қалды.

Израильдің айтуынша, ХАМАС тобы аурухана астындағы жерасты құрылымдарын әскери операцияны басқаруға пайдаланған. Кейін аурухананың астынан ұңғыжолдар табылған.

Конгресс мүшелеріне жіберілген Америка барлаушыларының бұл соңғы есебі АҚШ барлау қызметінің бұдан бұрынғы болжамын растайды. Сол болжамдар негізінде Ақ Үй Израильдің "Әл-Шифа" ауруханасы аумағында жүргізген операциясын қолдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG