Accessibility links

Оралда жарылыс болған дәмхана орнында іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды


Оралдағы жарылыс болған дәмхана. 4 қаңтар 2024 жыл.
Оралдағы жарылыс болған дәмхана. 4 қаңтар 2024 жыл.

Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдай жөніндегі департаменті Оралда жарылыс болған дәмхана орнында құтқару жұмыстары аяқталғанын хабарлады. 4 қаңтарда төтенше жағдай департаменті "үйінділер аршылып бітті" деп мәлімдеді.

"ТЖД күштері қираған құрылымдардың астынан 6 адамды шығарып құтқарды, бесеуі медициналық мекемелерге жеткізілді, бір адам ауруханаға жатудан бас тартты. Одан бөлек, 3 адамның денесі табылды" деп жазылған департамент хабарламасында.

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар оқиға орнында 16 сағат жұмыс істеген. Жарылыстың жай-жапсары мен себептері анықталып жатқаны хабарланды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бір адам медициналық тексерістен кейін үйіне жіберілген. Қалған бес адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Жарақаттанғандар арасында Өзбекстанның екі азаматы бар деп айтылады.

Облыстық төтенше жағдай департаментінің хабарына қарағанда, 4 қаңтарға қараған түні екі қабатты дәмхана ғимараты құлап, өртенген. Алдын ала ақпаратқа қарағанда, газ жарылған. Дәмхананың маңындағы бес қабатты тұрғын үй ресми мәлімет бойынша, бүлінбеген.

XS
SM
MD
LG