Accessibility links

Ырғыздағы жол апаты: Мектеп директоры мен білім бөлімі жетекшісіне сөгіс жарияланды


Апатқа ұшыраған оқушылар мінген көлік. Ақтөбе облысы, 19 желтоқсан, 2023 жыл. Ақтөбе облыстық полиция департаменті таратқан сурет.
Апатқа ұшыраған оқушылар мінген көлік. Ақтөбе облысы, 19 желтоқсан, 2023 жыл. Ақтөбе облыстық полиция департаменті таратқан сурет.

Пәндік олимпиадаға барар жолда мұғалімі мен екі оқушысы жол апатына ұшыраған Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Темірастау мектебінің директоры Нұртілек Сүйеуге қатаң сөгіс жарияланды. Ал Ырғыз аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Бөлекбаеваға сөгіс берілген. Бұл туралы Ақтөбе облыстық білім басқармасы хабарлады.

Басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың сөзінше, мектеп директорын қызметінен босату үшін прокуратура мен тергеудің тұжырымы керек. Тергеу аяқталмағандықтан құзырлы органдар әзір басқармаға тұжырым бермеген.

Апатқа ұшыраған Toyota Alphard автокөлігін айдаған 24 жастағы Жандос Шамшаддин де Темірастау мектебінің мұғалімі. Ол - апат салдарынан мерт болған екі оқушының бірі Назкен Сайранқызының туған ағасы.

Ұлы қамалып, қызы мерт болған Сайран Бахмановтың сөзінше, жол апатынан кейін қозғалған қылмыстық істе әзірше жалғыз күдікті бар. Ол - апатқа ұшыраған көлікті айдаған мұғалім Жандос Шамшаддин.

- Сол күні қар жауып, күн борап тұрды. Мектеп директоры машинасын сатамын деп қалаға кетіп қалған. Жұмыс уақытында ол қалада машина сатып жүр. Жауапкершілік қайда? Қызметкерлеріне, балаларға ие болмай ма? Меніңше, заң алдында жауап беруі тиіс адамның бірі - мектеп директоры. Аудандық білім бөлімінің басшысынан «Олимпиада кезінде мектеп директорын неге босаттың?» де сұрадым. Ол бейхабармын деп басын алып қашып отыр, - дейді Сайран Бахманов.

Азаттық бүгін Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Темірастау мектебінің директоры Нұртілек Сүйеумен байланыса алмады. Осыған дейін Азатттыққа берген сұқбатында мектеп директоры «мен жауапкершіліктен қашпаймын» деген болатын.

2023 жылғы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жаныс би ауылынан шыққан Toyota Alphard көлігі республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне бара жатып, Ырғызға 50 шақырым қалғанда апатқа ұшыраған. Самара – Шымкент бағытындағы тас жолда үлкен жүк көлігімен соқтығысқан Toyota Alphard-тың салонында екі мұғалім мен 14-16 жастағы бес оқушы болған. Жеңіл көліктегі бір мұғалім мен екі бала тіл тартпай кеткен. Үш бала ауруханаға түскен.

Оқиға болған күні Ақтөбе әкімдігі «пәндік олимпиадаға кетіп бара жатып жол апатына ұшыраған балалардың саны бесеу» деп хабарлаған болатын. Кейін жеті оқушының жол апатына ұшырағаны белгілі болды. Оның бесеуі Ырғыз ауданындағы Жаныс би, екеуі Құмтоғай ауылынан.

Бір мұғалім мен екі оқушы мерт болған жол апаты кезінде Volvo, Toyota Alphart пен LADA Priora маркалы үш көліктің бүлінгенін Ақтөбе облыстық полициясы да растады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, пәндік олимпиадаға LADA Priora көлігімен шыққан құмтоғайлық балалар жүк көлігімен соқтығысқан Toyota Alphart-тың артында келе жатқан. Құмтоғайлық оқушылар аман. Ал ауруханаға түскен Темірастау мектебінің үш оқушысы жаңа жыл мерекесі қарсаңында ауруханадан шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG