Accessibility links

БАҚ: Ресейлік миллиардер санкцияны айналып өтіп, Қазақстан арқылы жаңа ұшақ сатып алды


Олег Дерипаска
Олег Дерипаска

Ресейлік миллиардер Олег Дерипаска санкцияны айналып өтіп, Қазақстан арқылы жаңа ұшақ сатып алды, деп жазды "Верстка" басылымы. Ал Қазақстан көлік министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитеті олигархтың ұшақ сатып алуына Қазақстан көмектеспегенін айтты.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс санкциясына ілінген миллиардермен байланысты "Арсенал" компаниясы ұшақты қазақстандық Irtysh Air әуе компаниясынан сатып алған. Екібастұзда шоғырланған бұл компанияның жалғыз акционері – Таймас Мырзахметов. Ұшақтың құны $35,8 млн деп айтылады.

Ресей кеден қызметінің жабық статистикасына сүйенген "Верстка" басылымы 2016 жылы құрастырылған, 14 орындық Falcon 7X бизнес-джеті Ресейге 2023 жылы әкелінгенін жазды. Тіркеуден өткеннен кейін RA-09618 борттық нөмірге ие болған. Оның қозғалысы Дерипасканың кейбір сапарларымен сәйкес келеді, деп жазды басылым. Мысалы, 2023 жылы 11 қыркүйекте борт Владивостокқа ұшып барып, ертесінде кешке сол жақтан кеткен. Ол күндері Қиыр Шығыста Шығыс экономикалық форумы өтіп, оған миллиардер де қатысқан. Былтыр қарашаның соңы мен желтоқсан басында Пекинде өткен Ресей-Қытай достығы комитетінің отырысына да Дерипаска осы ұшақпен барған болуы мүмкін деп айтылады.

Ақпаратқа қарағанда, Irtysh Air әуе компаниясы тұрақты рейс орындамайды, 2023 жылға дейін оның салық төлемдері аса көп болмаған. 2022 жылы компания – 2,3 млн теңге салық төлесе, 2023 жылы бұл көрсеткіш бірден 30,2 млн теңгеге жеткен.

Мақала жарияланғаннан кейін Қазақстан азаматтық авиация комитеті қазақстандық Irtysh Air әуе компаниясы санкцияға ілінген ресейлік олигарх Олег Дерипаскаға ұшақ сатып алуына көмектеспеді деп мәлімдеді.

"Аталған әуе кемесі ҚР азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік реестрінде ешқашан болған емес. Irtysh Air әуе компаниясының қазіргі кезде азаматтық әуе кемелерін пайдалану сертификаты жоқ және 10 жылдан бері ұшып жатқан жоқ. Әуе компаниясы аталған әуе кемесін бұрын-соңды пайдаланған емес" деді министрлік өкілдері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG