Accessibility links

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қызымен бірге әскери зауытқа барды


Ким Чен Ын және оның қызы әскери зауытта, 5 қаңтар 2024 жыл (Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігі таратқан сурет).
Ким Чен Ын және оның қызы әскери зауытта, 5 қаңтар 2024 жыл (Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігі таратқан сурет).

Солтүстік Кореяның жетекшісі Ким Чен Ын қызымен бірге мобильді ракета қондырғыларын шығаратын зауытқа барды. Мемлекеттік орталық телеграф агенттігі олардың сапарынан сурет жариялады.

Агенттіктің жазуынша, Ким өндіріс барысымен мұқият танысып, ірі қондырғы машиналарын көріп шыққан. Зауыт қай провинцияда екені айтылмайды. Суретте "Хвасон-18" ракеталары мен "Хвасон-17" құрлықаралық баллистикалық ракеталары көрінеді.

Оңтүстік Кореяның Yonhap агенттігі Ким мен қызы Ким Чжу Э екеуі де жағалы күртеше мен қара шалбар кигеніне назар аударады.

Солтүстік Корея басшысының қызы кейінгі уақытта әкесі Ким Чен Ынмен бірге жұрт алдында жиі көрініп жүр. Оңтүстік Корея барлау қызметінің мәліметінше, Ким Чен Ын қызын мұрагер ретінде дайындап жатқан болуы мүмкін.

Ким Чжу Э алғаш рет әкесімен бірге 2022 жылы қараша айында "Хвасон-17" жаңа ракетасын сынаған кезде жұрт алдында көрінген. Ол кезде қыздың аты айтылмады. Ақпарат құралдары қызының жасы шамамен 12-де екенін айтқан. Алайда Ким мен оның отбасы мүшелерінің жасы ешқашан ресми түрде айтылмаған.

2022 жылдың қарашасына дейін Солтүстік Корея Кимнің балалары барын ресми түрде растамаған. Оңтүстік Корея барлаушылары оның 2010, 2013 және 2017 жылғы үш баласы: екі қызы және бір ұлы болуы мүмкін екенін жазды.

Солтүстік Кореяда билік іс жүзінде атадан балаға беріледі. Ким Чен Ынға билік әкесі Ким Чен Ирдан өткен. Ал Ким Чен Ирге билік Солтүсті Корея коммунистік режимінің негізін қалаушы Ким Ир Сеннен қалған.

Бұған дейін сарапшылар қазіргі басшының мұрагері ретінде оның әпкесі Ким Е Чжонды атаған еді. Алайда басшының баласын жұртқа көрсетуі әкесі қызына мемлекеттік міндеттерді жүктеуге дайындалып жатыр дегенді білдіруі мүмкін.

XS
SM
MD
LG