Accessibility links

Би-би-си: Ресей абақтыларында Украинаның мыңдаған қарапайым азаматы қамауда отыр


Ресей колониялары мен тергеу орындарында және Ресей жаулап алған украин жерінде Украинаның мыңдаған қарапайым азаматы қамауда отыр. Олар соғыс тұтқындары болып саналмайды. Бұл зерттеуді жариялаған Би-би-сидің Орыс қызметінің жазуынша, оларды Украинаға басып кірген Ресей әскери қызметкерлері мен құқық қорғау органдары жөн-жосықсыз қамай берген. Оның ішінде Ресейдің "арнаулы әскери операциясына қарсы әрекет жасады" деген күдікпен көшеде кетіп бара жатып ұсталғандар да жиі кездеседі (Ресей Украинаға басқыншылығын арнайы әскери операция деп атап, соғыс сөзін қолданғандарды жазалайды).

Қамаудағы бұл адамдар ресми түрде айып тағылған немесе қылмыстық іс бойынша сотталғандар қатарына жатпайды. "Сондықтан ресми жолмен олардың ізін табу мүмкін емес, оларды соғыс тұтқындарынан бөлек қарастыратын тетік те жоқ" деп жазады Би-би-си.

Ресей заңы бойынша, соғыс жағдайының өзінде адамды сот шешімінсіз 30 күннен артық ұстауға болмайды. Алайда Украина азаматтарына ол жүрмейді. Ондай адамдар бар екенін Ресей қорғаныс министрлігі де растайды, бірақ оларға адвокат бермейді, туыстарымен де кездестірмейді. Би-би-си қамаудағы бірнеше украин азаматының тарихын әңгімелеген.

Украина мен Ресей сирек те болса тұтқын алмасады, таяуда ғана 140 украин еліне оралған. Олардың кейбірін Ресей билігі ештеңе түсіндірместен қоя берген. Бостандыққа шыққан тұтқындардың кейбірі Ресей солдаттарынан не Ресей абақтысының қызметкерлерінен азап көргендерін айтқан.

Украинаның ресми мәліметіне қарағанда, 2023 жылдың қарашасына дейін Ресей тұтқынында 700-ден астам қарапайым адам отырған. Бірақ бұл да толық ақпарат емес. Украина омбудсмені Дмитрий Лубинец Ресей басып алған жерде 25 мың адам хабар-ошарсыз кеткен деп санайды. Оның бір бөлігі өлген немесе қамауда отырған болуы да мүмкін. Жоғалған украиндарды іздеу жобасы Ресей ешбір себеп, уәжсіз 7500-ге жуық украинды ұстап отыр деп есептейді. Бұл статистикаға Ресей алып кеткен украин балалары қосылмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG