Accessibility links

West oil жұмысшылары "ескертуге" қарамастан ереуілді жалғастыра беретінін айтты


West Oil Software жұмысшылары ереуілде тұр. Маңғыстау облысы, Жетібай кенті 15 желтоқсан 2023 жыл.
West Oil Software жұмысшылары ереуілде тұр. Маңғыстау облысы, Жетібай кенті 15 желтоқсан 2023 жыл.

West Oil Software компаниясының жұмысшылары "ескертуге" қарамастан ереуілді жалғастыра беретінін айтты. Бір күн бұрын компания басшылығы "жұмысқа оралмаған ереуілшілерді" 12 қаңтардан бастап жұмыстан шығара бастайтынын ескерткен. Ереуіл жалғасып жатқанын "Власть" сайтына наразылардың бірі Әскербек Әбішев хабарлаған.

– Біз әлі күнге дейін ереуілдеп жатырмыз. Компанияның мәлімдемесі бізге әсер еткен жоқ. Наразылардың жауабы: егер жұмыстан шығарғысы келсе, шығара берсін, барлық 500 жұмысшыны шығарсын, бәрібір ереуілді жалғастыра береміз. Өткенде 12 желтоқсанда 7 адамды жұмыстан шығарған, енді тағы он адамды қуғысы келеді. Кеше (11 қаңтар) жұмыстан шығару туралы хабарламасыз келіп, егер жұмысқа бүгін оралмаса он адамды жұмыстан шығаратынын айтты, – деді Әбішев сайтқа.

Оның сөзінше, West Oil Software басшылығы жұмыстан шығарайын деп отырған он адам – наразылыққа белсене араласқандар.

Әбішев сонымен бірге ереуілшілерге туыстары арқылы қысым жасалып жатқанын да айтқан.

– Қазір жан-жақтан қысым жасап жатыр. Мысалы, жұмысшылардың бюджет мекемелерінде істейтін туыстарына хабарласады. Біреудің әйелі, біреудің ұлы, біреудің шешесі сондай мекемелерде істейді, оларды "жұмыстан шығарамыз" деп қорқытады. Тіпті бүгін балаларымыз оқып жатқан Жетібайдағы мектепте сынып жетекшілері West Oil Software-да істейтіндердің тізімін жасаған, – деді жұмысшы.

Азаттық хабарласқан West Oil Software жұмысшыларының бірі де ереуіл жалғасып жатқанын растап, "талаптарымыз орындалмайынша тоқтатпаймыз" деді.

11 қаңтарда Маңғыстау облысы Жетібайда желтоқсан басынан бері жұмысшылары ереуілдеп тұрған West Oil Software компаниясының басшылығы кәсіпорын "шығынға батқанын" алға тартып, "жұмысқа оралмаған ереуілшілерді 12 қаңтардан бастап" жұмыстан шығаратынын ескерткен. Компания "заңсыз ереуілдің" салдарынан компанияға шамамен 499 млн теңге шығын келгенін айтып, басшылық бұдан әрі "күте алмайтынын" айтқан. Компания хабарламасында "ат басындай алтын береміз" деп "уәде еткен" "арандатушылар" туралы айтқан, алайда онысына ешқандай дәлел келтірмеген.

West Oil Software компаниясының жүздеген жұмысшысы компанияны "ҚазМұнайгаз" құрылымына қосуды, ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіру, техниканы жаңартуды талап етеді. Бұған дейін "ҚазМұнайгаз" техниканы жаңарту туралы талаптан басқаларын орындай алмайтынын мәлімдеген. Ал West oil жұмысшылары шарасы таусылғандықтан Астанаға өкілдерін жібергенін, алайда мәжіліс депутаттарымен жолыға алмағанын айтқан.

20 желтоқсанда Қарақия ауданының прокуратурасы West Oil Software жұмысшыларының ереуіліне байланысты "Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандататын әрекеттер" бабы (402-бап) бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған.

Желтоқсанның соңында тәуелсіз кәсіподақ өкілдері "ҚазМұнайгаз" және бірқатар министрлік өкілдерімен келіссөз жүргізгені, одан нәтиже шықпағаны хабарланды.

Наразылыққа шамамен 500 адам қатысып жатыр. Наразылар қақаған аязда күні-түні далада тұр. Олар талаптары орындалмайынша тарамайтынын айтады.

Бұған дейін кейбір ереуілшілердің денсаулығы сыр беріп ауруханаға түскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG