Accessibility links

"Бізге болашақ керек". Жетібай жұмысшылары неге бір ай бойы ереуілдеп тұр?


Маңғыстаудағы Жетібай мұнай кенішінің 500-дей жұмысшысы желтоқсанның басынан бері ақ қар, көк мұзда далада тұрып, ереуілдетіп жатыр. Үкіметке үш талабы бар. Басшылық ереуілшілер талабын орындаудан бас тартты. Белсенді Жаңаөзен оқиғасын еске салды. 2011 жылы жұмысшылар ереуілі қантөгіспен аяқталған.

Желтоқсанда сот жұмыс берушінің талабын орындап, ереуілді заңсыз деп тапты. Ал мекеме басшылығы бірнеше белсенді адамды жұмыстан босатты. Бірақ жұмысшылар әлі де тарқамай, президентке жаңа үндеу жасады. 500-ге тарта жұмысшы ереуілді әлі де жалғастырып жатыр.

ЖЕКЕ МЕНШІККЕ АУЫСУ, 5/50 ЖЫРЫ

Жұмысшылар өздерін "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының құрамына алуды, жалақы беру тәртібін "Қазмұнайгаздың" барлық еншілес кәсіпорындарына ортақ бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне теңестіруді (орыс тіліндегі "Единая система оплаты труда" дегенді қысқартып "ЕСОТ" деп атайды), еңбек жағдайын жақсартып, жұмысқа пайдаланатын көлік пен техниканы жаңартуды талап етеді.

"Қазмұнайгаз" АҚ басқарма төрағасы алғашқы екі талап орынсыз деп сынады. Мағзұм Мырзағалиев ұлттық компания "созыла беретін резеңке емес" деді.

Жетібайдағы ереуіл хроникасы (2023-2024)

11 желтоқсан: West Oil Software компаниясының 500-ге тарта жұмысшысы ереуіл бастады

12 желтоқсан: Маңғыстау облысында кемі екі компанияның кей жұмысшылары Жетібай ереуілшілерін қолдады; ереуілшілер алғашқы қысым туралы айтты

13 желтоқсан: «Қазмұнайгаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев жұмысшылардың «Қазмұнайгазға» алу туралы талабы орынсыз деп мәлімдеді, West Oil Software басшылығы жеті адамды жұмыстан шығарды.

15 желтоқсан: наразы жұмысшыларды полиция мен арнайы жасақ қоршап, жұмыс берушілер "жұмыстан шығарамыз", "жалақы төлемейміз" деп қорқытқан.

16 желтоқсан: Тағы бірнеша адам жұмыстан шығарылды. ереуілшілер туыстары әкімдікке барды.

17 желтоқсан: Ереуіл болып жатқан жерге арнайы жасақ кірді.

1 қаңтар: Ереуілшілер Астанаға өкіл жібергенін, бірақ билік оларды елемей отырғанын айтты.

8 қаңтар: Ереуілшілер президентке тағы үндеу жасады.

Қазақстанның бірнеше ақпарат құралында "Қазмұнайгаз" басшылары West Oil Software компаниясының қазіргі жұмысшылары ұлттық компанияның еншілес кәсіпорнында жұмыс істегенін, бірнеше жыл бұрын "5/50" деген арнайы бағдарламамен қысқартылып, сол үшін өтемақы алғанын мойындаған материалдар жарияланды.

"2017 жылы "5/50" бағдарламасы әзірленді, ол бойынша өз еркімен жұмыстан шыққан жұмысшыға бес жылдық еңбекақысының 50 пайызы көлемінде өтемақы ұсынылды. Орта есеппен әр адамға берілетін өтемақы 11 млн теңгедей болды. Ол кезде бұл бағдарламаны сервистік қызмет көрсететін 4 мыңдай жұмысшы пайдаланды. Бұған қоса, олардың көбі бірден жұмысқа тұрды, соның ішінде West Oil Software компаниясына". "Время" басылымы "Қазмұнайгаздың" осындай уәжін келтірді.

Ереуілдеп тұрғандардың көбі бұрын "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясына еншілес "Ойл транспорт корпорейшн" мекемесінде жұмыс істеген. Ұлттық компания 2017-2022 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес еншілес мекемелердің жұмысшыларымен еңбек келісім-шартын бұзған және бәріне бес жылдық жалақының елу пайызына тең өтемақы төлеген.

Өтемақыны "Ойл транспорт корпорейшннің" 2200 жұмысшысы алған. Оған ұлттық компания 22 млрд теңге жұмсады. 5/50 алғандардың арасынан 550 адам кейін West Oil Software компаниясына орналасқан. Өзара келісім негізінде "Ойл транспорт корпорейшннің" 200-ден астам арнайы техникасы West Oil-ға сенімгерлік басқаруға берген.

Ал ереуілге шыққан кей жұмысшының айтуынша, оларды 2017 жылы "Қазмұнайгаздың" еншілес кәсіпорнынан өздерінің келісімінсіз жеке компанияға ауыстырып жіберген. Мәселен автотізбек басшысы Әлібек Қощанов былай дейді:

– Жұмыстың үстінде Алатөбе кен орынында жүрген кезде маған ақша түсті. Сосын "мынау не болды?" дегенде "болды, анадан шықтың, мынаған кірдің" деді. Дәл солай айтты, өзім келісіп қойған қолым жоқ. Заңгерлерге де барып анықтап сұрағанымда, "уақыты өтіп кетті" деді.

Жетібай кеніші, Маңғыстау облысы, 15 желтоқсан, 2023 жыл
Жетібай кеніші, Маңғыстау облысы, 15 желтоқсан, 2023 жыл

Көлік жүргізушісі Сәкен Қосановтың айтуынша, жұмысшыларға қысым болған:

– Сенімгерлікке 2018 жылдың алтыншы айында берілді. Ол жерде біздің ұжымға жұмыс беруші жақтан түрлі қысым болды. Оны ешкім камераға түсірмеген. Түсіргенін кетіріп тастаған. Құжат жүзінде ештеңе болмай тұр бізде дәлелдейтін.

Жүргізушілер сенімгерлікке берілген уақыт аралығында жалақы өспегенін айтады. Ал жалақыны екі жыл бұрын ереуіл арқылы көтеруге қол жеткізген.

Жүргізуші Әскербек Әбішев:

– Үш жыл бойы ереуілге шықтық қой, сол кезде ең төменгі айлық 120 мың теңге болды. Ең жоғары айлық 180 мың болды. Сосын 36% көтерді. Оның өзінде ұжымның айқайымен 18 күн ереуілге жаттық.

"ТЕХНИКАСЫНЫҢ АСТЫНАН ЖЕР КӨРІНІП ТҰР"

Бұған қоса еңбек жағдайы нашарлап, техника да ескірген. Жұмысшылардың басшылыққа қойып отырған үшінші талабы да – осы, тозған құрал-жабдық, техниканы жаңарту.

– Сол ереуіл кезінде "техника жаңарады, гараждар жасақтаймыз, жылдан жылға өсеміз, ертең болашақта бәрі де жаңарады" деп айтылған. Қазіргі таңде ештеңе жаңартылып отырған жоқ. Бұрынғы сол 18 күн ереуілден кейін шешіліп тұрғаны тек 17 техника. Оның ішінде арнайы техника жоқ, кілең тасымалдайтын автобустар. Менде 98 техника болса соның 28-і ғана техбайқаудан өткен, қалғанының бәрі тұр. Үлкен жаңартуды талап етеді, – дейді Әбішев.

Жүргізуші Сәкен Қосанов:

– Жұмысқа келгенде мына жігіттер жанын шүберекке түйіп келеді. Себебі айдап жүрген техникасының астынан жер көрініп тұр тесіліп. Мына мұнай шығарып жатқан мекемеде соңғы үлгідегі техникамен қызмет етуіміз керек қой. Бұл жерде тек мұнайды сорып жатыр, бірақ техника жаңармайды, халықтың жағдайы жақсармайды. Сол үшін тұрмыз біз. Бұл –әлеуметтік жағдай, бұл қоғамдық жағдай біздің сұрап отырғанымыз.

"АЛАҢСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕГІМІЗ КЕЛЕДІ"

Ереуілшілер өздері жұмыс істейтін жекеменшік мекеменің болашағы бұлыңғыр деп алаңдайды.

– Бес жылдың ішінде жекеменшік мекеменің зардабын көрдік. Сол себептен бізге болашақ керек, – дейді Аслан Сембіғалиев.

– "Мекеме бірдеңе болып қалады-ау" демей алаңсыз жұмыс істегім келеді болашақта. Тарап кетеді, банкротқа ұшырайды деп қорықпайтын мекемеде жұмыс істегім келеді, – дейді Бауыржан Жармағанбетов.

– Алаңдап жүреміз. Біз де болашағымызды көргіміз келеді. Мысалы қаладан үй алғымыз келеді, оны несиеге он жылға, жиырма жылға береді. Келісім-шартты екі-үш жылға ғана созып тұр, біз он жылға қалай үй аламыз? – дейді жүргізуші Кеңес Әмірханов.

Ал "Ойл Транспорт Корпорейшн" (ОТК) компаниясының басшысы сенімгерлік басқару жұмысшылардың игілігі үшін жасалғанын айтады. Оның сөзінше, West Oil-ға кірер алдында ереуілшілер қандай жалақы алатынын білген және соған келіскен, шартқа қол қойған.

– Ол кезде "ОТК" шығынмен жұмыс істеді. 39 миллиард теңгедей жинақталған шығыны болатын. Ол шығынның барлығы "Қазмұнайгаз" көмегімен жабылып отырды. Ары қарай мұндай жағдай жалғасуы мүмкін емес, ол банкроттыққа, жабылуға әкелуі мүмкін болғандықтан, осындай бағдарлама қабылданды. Егер сол 2500 адам "ОТК"-да қала беріп, жалақысы индексацияланып жүре беретін болса, қазір "ОТК"-ның шығыны 800 миллион емес, 25-26 миллиард теңге болатын еді, – дейді "Ойл транспорт корпорейшн" компаниясының директоры Ербол Төрениязов.

"Қазмұнайгаздың" еншілес кәсіпорны басшысы жекеменшік мекемедегі жұмысшымен арада еңбек шарттары және еңбекақы бойынша айырма барын растайды және оларды қайта алса, шығын көбейетінін айтады.

– Соншама 22 млрд теңгені жұмсап оларды қайта алу қаншалық тиімді? Оны ертең бізге штатқа қабылдап алатын болсақ, жалақысы өседі. ЕСОТ-тың жалақысымен төленуі тиіс болады. Онда шығынымыз әлдеқайда өседі. Қызмет тарифымыз соншалық өсе ме, өспей ме, белгісіз, – дейді ол.

Ереуіл болып жатқан күндері West Oil Software басшылығы компанияның сенімгерлік басқару шарты үш жылға созылғанын хабарлады.

West Oil Software компаниясы директорының орынбасары Ақылбек Сәдуевтің айтуынша, ереуілшілер талабынан кейін сенімгерлік басқару шарты ұзартылған.

– Тапсырыс берушілермен келіссөз жүргізіліп, жобалар қарастырылып, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін [сенімгерлік басқаруды созу мәселесін] қарайық сосын ары тағы талқылаймыз деген. Ұжым "бізге болашақ керек" деп айтқаннан кейін, осы мәселе көтерілген соң бізге тапсырыс берушіден "2027 жылға дейін ұзарту" туралы хат келді, – дейді Сәдуев.

Бірақ бұл да наразылықты баса қоймады.

Бұрынғы кәсіподақ төрағасы Әмин Елеусінов жағдайға үкімет араласып, саяси шешім қабылдануы керек дейді. Оның айтуынша, "Қазмұнайгаз" еншілес компанияларында еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылғанға дейін мұнайшылар тәуелсіз кәсіподақ құрып, ондағы еңбек жағдайын жақсартуға соның көмегімен қол жеткізген.

– Біріншіден, 2011 жылдағыдай ерегес болып отыр (Жаңаөзен оқиғасын айтады – ред.). 2011 жылы қалай үкімет шешпей отырды, дәл сол ерегес қазір көрініп отыр. Бұл жерде үкіметті қоспаса басқадай шаруа жоқ. Үкімет саяси шешім қабылдаса. мына мәселені бірден шешер еді. "Қазмұнайгаз" қаржыландырып, жетпей жатқан ақшасын берер еді, – дейді Әмин Елеусінов.

2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылар еңбек шарттарын жақсартуды талап етіп, алты айға жуық ереуілдеген. 16 желтоқсан – Қазақстанның тәуелсіздігі күні Жаңаөзендегі алаңда ереуілшілер мен полиция арасында қақтығыс болып, ресми есеп бойынша 17 адам қаза тапқан, 100-ге жуық адам жараланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG