Accessibility links

Тайвандағы президент сайлауында Қытай сынаған кандидат жеңіске жетті


Тайвандағы президент сайлауында Демократиялық ілгерілеу партиясының өкілі 64 жастағы Лай Циндэ жеңіске жетті. Бұрын ол аралдың толық тәуелсіздігін қолдайтынын айтқан. Қазір АҚШ-пен әріптестікті нығайтып, қорғанысты күшейту қажеттігін айтып жүр. Қытай оны "қауіпті сепаратист" деп атаған.

Гарвард университетінің түлегі Лай Циндэ сайлауға дейін Тайвань президентінің орынбасары болған. Қазіргі президент әкімшілігі Пекиннің Тайбэйге экономикалық ықпалын азайтып, қорғаныс саласына көп көңіл бөлу қажеттігін айтып келеді.

Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, Лай Циндэге сайлаушылардың 40 пайызы дауыс берген. Оның қарсыласы, Қытаймен әріптестікті нығайтуды қолдайтын "Гоминьдан" партиясынан қатысқан Хоу Юи 33 пайыз дауыс алған.

Қытай Тайваньды өз аумағы деп санайды. Тайбэйге "бір мемлекет – екі жүйе" принципі бойынша Пекинге бағыну ұсынылған. Қытай компартиясы аралдың тәуелсіз саясат жүргізуіне және өз бетімен халықаралық дәрежеде әріптестік орнатуына қарсы.

Сенбі күнгі сайлау алдында Пекин Лай Циндэ жеңіске жетсе, бұл "қайшылықты ұлғайтып, қақтығысқа жетелеуі мүмкін" деп мәлімдеген. Қытай жетекшісі Си Цзиньпин сайлау алдындағы телемәлімдемесінде Қытай мен Тайванның бірігуін "тарихи қажеттілік" деп атады. Пекин мен Тайбэй арасындағы қатынас ұзақ жылдардан бері алғаш рет қатты салқындап отыр.

Сенбі күні Тайвань қорғаныс министрлігі жұма кешкі уақыттан бері арал маңында алты қытай әскери кемесі мен сегіз ұшағы байқалғанын хабарлады. Қайықтарды жоятын Shaanxi Y-8 ұшағы Тайван әуе кеңістігіне кірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG