Accessibility links

АҚШ-та үкіметті уақытша қаржыландыру жобасы келісілді


Капитолий ғимараты
Капитолий ғимараты

АҚШ конгресі 2024 жылға арналған үкіметті қаржыландыру жобасын дайындап шығарды. Жоспар бірқатар үкімет құрылымдарына – 1 наурызға дейін, қалғандарына 8 наурызға дейін қаржы бөлуді қарастырады. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Politico жазды.

Басылым дереккөзінің хабарлауынша, конгресте дауыс беру келесі аптада өтеді. Мемлекеттік құрылымдардың жұмысы тоқтамас үшін (шатдаун) конгрессмендер заң жобасын 19 қаңтарға дейін қабылдауға тиіс.

Бұған дейін үкіметті қысқа мерзімде қаржыландыруды ұзартуды өкілдер палатасының спикері республикашыл Майк Джонсон сынаған.

Қаңтар басында конгресс 2024 жылы үкіметті 1,6 трлн доллар көлемінде қаржыландыру бойынша келісімге келген. Ұсынылған бюджетте қорғаныс саласына – 886 млрд доллар, қорғанысқа жатпайтын салаларға 704 млрд доллар қарастырылған.

Былтыр қарашада Джо Байден 2024 жылдың 19 қаңтарына дейін үкіметті уақытша қаржыландыру туралы конгресс қабылдаған заңға қол қойған. Ол заңда Украина, Израиль және Тайваньға көмек көзделмеген, бұл мәселе жеке қаралады. Бұл мақсатқа 106 миллиард қарастырылады, Украинаға 61 милиард доллар әскери көмек беріледі деген болжам бар.

XS
SM
MD
LG