Accessibility links

Журналист Асқар Ақтілеудің үстінен қозғалған әкімшілік іс тоқтатылды


Журналист Асқар Ақтілеу мен учаскелік полиция қызметкері "жала жабу" бойынша сот процесіне қатысып отыр. Ақтөбе, 15 қаңтар, 2024 жыл.
Журналист Асқар Ақтілеу мен учаскелік полиция қызметкері "жала жабу" бойынша сот процесіне қатысып отыр. Ақтөбе, 15 қаңтар, 2024 жыл.

Ақтөбеде  "жала жабу" бабымен  журналист Асқар Ақтілеудің үстінен қозғалған әкімшілік іс тоқтатылды. Сот бұл істе әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деп шешті.

Журналисті Ырғыз ауданындағы мектеп-гимназия директоры Гүлжайнар Нұрманова сотқа берген. Мектеп басшысы "Асқар Ақтілеу маған бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекомуникация желілерін пайдалана отырып жала жапты" деп санайды. Дауға себепкер болған бірнеше жазба журналистің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жарияланған.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров былтыр қазанда Ырғызға барған сапарында еден жуушы Мөлдір Ғапиз мектептің мәселесін көтерген. Еден сүртетін шүберек пен тұрмыстық химияны өз ақшасына сатып алып жүргенін, мектептің әжетханасында су жоғын айтып шағынған. Артынша 2023 жылғы 22 қарашада Мөлдір Ғапиз жұмыстан шығарылады. Ал журналист Асқар Ақтілеу Ырғыз гимназиясында болып жатқан жайтты әлеуметтік желідегі парақшасына жариялайды. Жазба қоғамдық резонанс тудырып, еден жуушы жұмысына қайта алынған.

15 қаңтар күнгі сот мәжілісіне істі болған журналисті қолдау үшін Ырғыздағы гимназияның еден жуушысы Мөлдір Ғапиз де келді. Оның айтуынша, қысымның алғашқы белгісі Асхат Шахаров Ырғызға келген күннің ертесіне байқалған.

– Мектеп директоры соңыма түсіп алып, 2023 жылғы қарашаның 13-14-і күні жұмысқа келмедің деп шығарып жіберді. Сол күні мектептегі психологиялық қысымнан ауырып қалып, арызымды анамнан беріп жіберген едім. Директор оны қабылдамай қойған. Ертесіне ауырып отырсам да жұмысқа келдім. Басшы оны да жоққа шығарып отыр. Мен бейнекамералардағы жазбаны талап еттім. Бұл жайттарды құзырлы органдарға хабарладым. Бірақ журналистен өзге ешкім мені тыңдаған жоқ, – дейді Мөлдір Ғапиз.

Дүйсенбі күні түстен кейін сот мәжілісіне Ырғыздағы гимназия директоры Гүлжайнар Нұрманова да келді. Айтуынша, Асқар Ақтілеудің жазбалары оған ауыр тиген. Абыройы мен беделі түскен. Гүлжайнар Нұрманова қарамағындағы Мөлдір Ғапиздің әкімге айтқан шағымына бола жұмыстан шығарылмаған.

– Еден жуушы еңбек заңдын бұзды. Сол себепті жұмыстан шығарылды. Оны қайтадан жұмысқа қабылдаған мен емес. Іссапарда жүрген кезімде директордың міндетін атқарған әріптесім қабылдаған, – деді Ырғыз гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұрманова.

Журналисті сотқа берген мектеп директоры сот қаулысымен келіспейтінін айтты. Асқар Ақтілеу өзіне тағылған айыппен о бастан келіспеген. Журналист сот әділ шешім қабылдады, сөз бостандығы үстемдік құрды деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG