Accessibility links

Сот желідегі шудан соң Рахат Тұрлыхановты әйелін ұрғаны үшін он күнге қамады


Рахат Тұрлыханов пен әйелі видеомәлімдеме жасап отырған сәт.
Рахат Тұрлыханов пен әйелі видеомәлімдеме жасап отырған сәт.

Алматы қаласының әкімшілік істер бойынша соты әнші Рахат Тұрлыхановты әйеліне қайтара қол көтергені үшін он тәулікке қамауға алды. Бұл туралы Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін сот "тараптардың татуласуына байланысты" Тұрлыхановқа ескерту берген еді. Кейін прокуратура бұл шешімге шағым түсірген. Екінші сот Тұрлыханов пен әйелінің сұрауы бойынша жабық өткен.

Соттың баспасөз қызметі сот алқасы ескертуді он күндік қамау жазасына ауыстырғанын мәлімдеді. Іс материалдарына сай, былтыр желтоқсанда Рахат Тұрлыханов үйінде шу шығарып, әйелін ұрған.

Алғашқы сот Тұрлыхановқа ескерту берілген соң желіде жұрт шешімді сынаған еді. Кейін Рахат Тұрлыханов пен әйелі видеомәлімдеме жасап, "екеуінің арасында бәрі жақсы екенін" айтқан.

Былтыр қазан айында да Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып, сотқа тартылған еді. Ол кезде сот "тараптар татуласты" деп Тұрлыхановқа ескерту жасаған.

Рахат Тұрлыханов – мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың інісі. Бұл – депутат Тұрлыхановтың жақындарымен болған алғашқы шу емес. Қазан айында оның ұлы Нұрасыл Болат заңгер Анна Черновой мен оның күйеуі Олег Черновты ұрды деген айыппен айыппұл алған. Желіде тараған видеода Нұрасыл Болат адамдарды боқтап, ұрып жатқаны байқалады.

Қыркүйекте Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлы Әкежан көшеде қызды итеріп, асфальтқа құлатқан еді. Дәулет Тұрлыханов бұл оқиғаны "отбасына жасалған кезекті ақпаратты шабуыл" деген.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық ең үлкен мәселелердің бірі саналады. БҰҰ дерегінше, елде жылына кемі 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады.

2019 жылы елде "отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы" заң жобасы жасала бастаған еді. 2021 жылы бұл жоба парламентте қаралып, бірақ заң жобасын кейін қайтарып алған.

Былтыр желтоқсанда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы үкіметке тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық заңнаманы қатаңдату бойынша заң жобасын дайындауды тапсырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG