Accessibility links

Берлинде белсенділер Марат Жыланбаевты босатуды талап етті


"Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты босатуды талап етіп тұрған белсенділер. Берлин, 16 қаңтар 2024 жыл.
"Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты босатуды талап етіп тұрған белсенділер. Берлин, 16 қаңтар 2024 жыл.

16 қаңтарда Берлинде Германия қазағы, суретші Раушан Толғанбаева және тағы екі адам түрмедегі белсенді, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев және Қазақстандағы барлық "саяси тұтқындарды" босатуды талап етіп, акция өткізді. Бұл жөнінде "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында хабарлап, акциядан видео да жариялады. Онда үш белсенді "Тоқаев, Маратты босат!" (Toqayev, free Marat!) деп айқайлап тұрғаны көрінеді.

"Марат Жыланбаевқа бостандық! Біздің ұлттық мақтанышымыз бостандықта жүруге тиіс! Ол халықаралық дәрежеде танымал адам. Қазақстандағы барлық саяси тұтқындарға бостандық!" деп айқайлайды белсенділер видеода.

Ақпаратқа қарағанда, акция Берлиндегі Германия сыртқы істер министрлігінің ғимаратының алдында өткен. Видеода Раушан Толғанбаева Марат Жыланбаев туралы хатты Германия сыртқы істер министріне тапсыратынын айтады. Неміс тілінде жазылған хаттың мазмұнды да жарияланды.

Хат Германия сыртқы істер министріне жеткені-жетпегені белгісіз. Азаттық әзірге акция өткізген белсенділерге хабарласа алмады.

Қазақстан соты былтыр қарашада "Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты 7 жыл түрмеге кескен. Азаматтық белсендіге "экстремистік ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыптар тағылған. Жыланбаев пен жақтастары істің саяси астары бар деген.

Қазақстан билігі марафоншы Марат Жыланбаев шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, ҚДТ қозғалысының лидері Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп санайды.

Астана Әблязовтың ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

Бұған дейін бірқатар ұйымдар, атап айтқанда Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Жыланбаев Конституциядағы ойын еркін айту, бейбіт түрде жиналу құқықтары үшін жауапқа тартылғанын, оның ісінде ешқандай "экстремизм белгілер" жоғын айтып, оны босатуға үндеген. "Жыланбаевқа тағылған "экстремистік айыпта" салмақты негіз болмағаны оны оппозициялық әрекеті мен билікті сынағаны үшін соттағанын көрсетеді" дейді ұйымдар.

Мұндай акция Марат Жыланбаевтың үкімінің апелляциясы қарсаңында (19 қаңтарда өтеді) және Еуропарламентте 17 қаңтарда Орталық Азия бойынша қарарға дауыс берейін деп жатқан шақта өтіп отыр. Аталған қарарда Қазақстан билігіне бағытталған "саяси тұтқындарды" босату туралы үндеу де бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG