Accessibility links

ДДСҰ "толық өндіріс циклы болмағандықтан" коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны тіркемеген


Қырғызстанға көмек ретінде жіберілген QazVac вакцинасын тиеген көлік.
Қырғызстанға көмек ретінде жіберілген QazVac вакцинасын тиеген көлік.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac вакцинасын мақұлдамады. Бұл жөнінде бейсенбі күні сенат кулуарында журналистерге денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, вакцинаның мақұлданбауына өндіріс циклы толық болмауы себеп болған. Вице-министрдің сөзінен үзіндіні "Власть" сайты келтіреді.

"ДДСҰ мақұлдауы үшін толық өндіріс циклы сақталуы керек екенін талай айттық. Қазіргі кезде құю линиясының GMP-сертификаты (Good Manufacturing Practice – өнімге қойылатын белгілі бір талаптар) бар. Биомасса әзірленетін екінші кешен құрылысы аяқталып келе жатыр" деп жазды Есмамбетова.

Оның сөзінше, аталған құрылыс аяқталып, GMP-сертификаты алынғаннан кейін Қазақстан тек QazVac қана емес, өзге де вакциналарға сертификат ала алады.

"Коронавирусқа қарсы вакцина өндіретін өзге өндірушілер қалай мақұлдауға ие болды?" деген сұраққа Есмағамбетова Қазақстан зауытты "нөлден бастап салды" деген.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі QazVac вакцинасын ДДСҰ 2022 жылдың соңына қарай мақұлдайды деп мәлімдеген. Оны өндіретін зауыт 2021 жылы маусымда Жамбыл облысында іске қосылды. Оның құрылысына 9 млрд теңге бөлінген.

Пандемия кезінде Қазақстан билігі коронавирусқа қарсы QazVac екпесін де Қазақстанның өз ішінде пайдалануға рұқсат еткен. Сынақтың үшінші кезеңі аяқталмай жатып пайдалануға жіберілген бұл препараттың коронавируспен күрес тиімділігі 96 пайызды құрайды деп хабарланды.

Ал жергілікті медицина қауымдастығы дәрі құрамында формальдегид пайдаланылғанын сынаған. Бұған қоса, вакцинаның тиімділігіне де күмән келтірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG