Accessibility links

Oyan, Qazaqstan белсенділері Ақмарал Жәкібаева мен Айсұлтан Құдайберген босап шықты


Белсенділерді қарсы алған Oyan, Qazaqstan мүшелері әкімшілік қамауға алынғандарға арналған қабылдау мекемесі алдында тұр. Алматы, 18 қаңтар 2024 жыл.
Белсенділерді қарсы алған Oyan, Qazaqstan мүшелері әкімшілік қамауға алынғандарға арналған қабылдау мекемесі алдында тұр. Алматы, 18 қаңтар 2024 жыл.

18 қаңтарда кешке қарай Алматыда Oyan, Qazaqstan! белсенділері Ақмарал Жәкібаева мен Айсұлтан Құдайберген қамаудан босап шықты. Бейсенбі күні қамау мекемесі алдында оларды жақтастары – Oyan, Qazaqstan! мүшелері қарсы алды.

"Конституциядан үзінді жазылған плакатпен шыққаным үшін 15 тәулікке қамалдым. Бейбіт жиын туралы заңда заңның рөлі азайып барады. Қамалған Oyan, Qazaqstan! мүшелерінің ешқайсысы да қоғамға зиянды әрекет жасаған жоқ. Бұл заң керісінше репрессия құралы ретінде пайдаланылып жатыр" деді Ақмарал Жәкібаева шыққаннан кейін.

Oyan, Qazaqstan! белсенділері 3 қаңтарда Алматыдағы Тәуелсіздік монументі алдында қозғалыстағы жақтастарын қолдап пикетке шыққаны үшін 15 тәулікке қамалған еді. Сот белсенділерге "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып таққан.

Өткен аптада Oyan, Qazaqstan! қозғалысының екі белсіндісі Бота Шәріпжан мен Равкат Мұхтаров абақтыдан босап шықты. Олар 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні Алматыдағы орталық алаңда наразылық акциясына қатысқаны үшін 15 тәулікке қамалған. Белсенділер өздеріне тағылған айыпты мойындамаған еді.

Қозғалыстың тағы екі мүшесі Темірлан Еңсебек пен Жанель Шахан қамауда отыр. Олардың да бостандыққа шығу уақыты таяды.

Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы осы шектеулерді алып тастауға үндеген.

Билік "азаматтардың бейбіт жиынға қатысу құқығы шектеліп отыр" деген уәжбен келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG