Accessibility links

FT: Ресей биыл жазда Украинаның Донецк, Луганск, Херсон, Запорожье облыстарын толық алуға тырысады


Өртке оранған Ресей танкісі мен Украина солдаты.
Өртке оранған Ресей танкісі мен Украина солдаты.

Ресей 2024 жылы жазда Украинада үлкен шабуыл ұйымдастыруды жоспарлайды. Бұл туралы украиналық шенеуніктерге сілтеме жасап Financial Times газеті жазды.

Басылым Ресей Украинаның Донецк, Луганск, Херсон, Запорожье облыстарын толық басып алуға тырысады деп болжайды. Газеттің дереккөздері Ресей Харьков пен Киевті алуға да талпынып көруі мүмкін деген.

Financial Times аты-жөні аталмаған шетелдік шенеуніктің сараптамасына сүйеніп, "2024 жылы екі жақтың бірі алға жылжуға мүмкіндігі аз екенін" жазды.

Украина мәселесімен айналысып жүрген шенеунік "қорғаныс шебін ұстау, Ресейдің әлсіз тұсын іздеу, алыс қашықтыққа ұшатын қарулармен шабуылдау Украинаға биыл күшін арттыруға және 2025 жылы қарымта шабуылға шығуға мүмкіндік ашатынын" айтқан. Газеттің дереккөзі Украина осы тактиканы ұстанса 2025 жылғы қарымта шабуылда айтарлықтай мүмкіндігі болады деп санайды.

Украина қорғаныс министрлігі бас барлау қызметі Financial Times мақаласына қатысты "Бұл біздің бағамыз емес, сондықтан Financial Times мақаласына қатысты пікір айту орынсыз" деген.

Бұған дейін Украинаның бас барлау қызметі "2024 жылы соғыс қалай болады?" деген сауалға "қорғаныста отырғаннан түк шықпайды" деген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG