Accessibility links

Эстония, Латвия және Литва Ресеймен шекарада "қорғаныс аймағын" салуға келісті


Эстония, Латвия және Литва Ресеймен шекарада қорғаныс аймағын құруға келісті, деп жазды Postimees.

Эстония қорғаныс министрі Ханно Певкур "Балтық қорғаныс аймағы" – бұл "қауіпсіздік жағдайынан туындаған мұқият ойластырылған жоба" деп мәлімдеді.

"Ресейдің Украинадағы соғысы Эстонияны қорғау үшін бізге тек техника, оқ-дәрі мен әскери күш қана емес, шекара басталған жерден физикалық қорғаныс жабдығы қажет екенін көрсетті" деді Ханно Певкур.

Эстония қорғаныс министрлігінің вице-канцлерінің кеңесшісі Кайдо Тийтустың айтуынша, Эстония Ресеймен шекарасын 600 бетон бункерлерімен жабдықтайды. Бункерлердің әрқайсысына 10 адам сияды. Қорғаныс жабдықтарының басым бөлігі Ида-Вирумаа мен елдің оңтүстік-шығысында болады, кейбірі Чуд көлінде орналаспақ.

Эстония ұлттық телерадиотарату кешенінің ақпаратынша, Эстония-Ресей шекарасына жақын жердегі бункерлерді жабдықтау жұмысы 2025 жылдың басында басталады. Ол үшін Эстония билігі жер иелерімен келісуі керек, себебі қорғаныс аймағы орналасатын жердің басым бөлігі жеке меншік қолында.

Бұдан бөлек, Балтық елдері Американың дүркіндете ататын HIMARS жүйесін бірігіп пайдалану туралы декларацияға қол қойды.

"Ресей – Эстония үшін ең ірі қатер болып қала береді. Украинадағы соғыс Ресейдің шабуылдау қуатын азайтты, алайда әртүрлі болжам бойынша ол оны екі-үш жыл ішінде қалпына келтіреді. Біз Ресейге шабуылдау құнын барынша жоғары етуге дайын болуға тиіспіз" деді Тийтус.

Ресейдің Украинаға басқыншылығы Еуропаның көптеген елдерін әскери шығынын көбейтуге мәжбүрлеген. Стокгольм әлем мәселелерін зерттеу жөніндегі халықаралық институтының мәліметінше, әсіресе Балтық елдері қорғаныс саласына көбірек қаржы бөле бастаған. Қазіргі кезде қорғаныс саласына Литва – 1,8 миллиард еуро, Эстония – 1 миллиард еуро, Латвия 970 миллион еуро жұмсайды.

Балтық жағалауы елдері Украинаға басып кірген Ресеймен шектеседі және оның одақтасы Беларусь бұрын басқыншылық пен СССР оккупацияны бастан кешірген.

XS
SM
MD
LG