Accessibility links

Rixos қонақүйінің қалдық суды Қаракөлге жіберуі: Прокуратура рұқсат беру құжаттары тексеріліп жатқанын хабарлады


Прокуратура Rixos Water World Aktau қонақүй кешеніне рұқсат беру құжаттарының заңдылығын тексеріп жатыр. Бұл жөнінде Tengrinews агенттігі хабарлады. Бұған дейін экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты орман шаруашылығы және жануарлар әлемі басқармасының бұрынғы жетекшісі Айтуар Туғанбеков кезінде министрлікке қалдық суды Қаракөлге құюды қарастыратын күмәнді Rixos қонақүй жобасы түсіп, "бірқатар шенеуніктердің көмегінің арқасында" мақұлданып кеткенін мәлімдеген.

"Қаракөлге қалдық су төгуге заңсыз рұқсат берілгені жөнінде Айтуар Туғанбековтің әлеуметтік желідегі мәлімдемесіне қатысты айтарымыз, Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы Rixos Water World Aktau қонақүй кешеніне рұқсат беру құжаттарының заңдылығын тексеріп жатыр" деп жазылған прокуратураның агенттікке жіберген жауабында.

Прокуратура өкілдері бұған қоса, тазартылмаған қалдық суды Қаракөлге құю фактісі бойынша Маңғыстау облысының экология департаменті қонақүйді тексеріп жатқанын хабарлады.

Кейінгі мәлімет бойынша, Маңғыстауда қырылған аққулар мыңнан асқан.

Осыған дейін Rixos Water World Aktau қонақүйінің өкілі аққулар жаппай қырылған Қаракөлге қонақүйдің "тазартылған" қалдық суы төгілгенін растаған еді. Қонақүйде кезектен тыс тексеріс басталғаны хабарланды. Әзірге нәтижесі жарияланбады.

Оның алдында желіде Қаракөлге қара қошқыл сұйықтықтың төгіліп жатқаны жөнінде кадрлар пайда болған. Осыдан кейін Қаракөлге тазартылмаған қалдық су төгілуі мүмкін екені айтылды.

Осы аптада жергілікті әкімдік өткізген кездесуге қатысқан мамандар "құстың қырылуына Rixos қонақүйінен аққан қалдық су әсер етпейді" деген еді.

Қаракөл – Ақтаудың оңтүстік-шығысынан шамамен он шақырым жерде орналасқан жасанды көл. 1967 жылы Маңғыстау атом-энергетика комбинатының тұндырғысы ретінде пайда болған. Республикалық маңызы бар Қаракие-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық резерватының ерекше қорғалатын табиғи аймағы саналады және Қазақстандағы ерекше қорғалатын орнитология орындарының қатарына кіреді. Жыл сайын көлде ондаған мың құс қыстап шығады. Бұл жерді Қызыл кітапқа енген 200-ден астам құс мекендейді деп айтылады.

Rixos Water World Aktau қонақүйі — "барлығы ішінде" атты жүйе бойынша істейтін Қазақстандағы алғашқы курорттық қонақүй. 2020 жылы тамызда ашылған. Ресми дерек бойынша, құрылысына 67 миллиард теңге қаржы кеткен нысанды ашуға Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан. Оны Қазақстан билігінің ұсынысымен Sembol Construction and Engineering компаниясы салған.

Бұған дейін Азаттық бұл қонақүйді салған 20 жылға жуық уақыт ішінде елдегі ең бай шетелдік кәсіпкерге айналған Феттах Таминже мен экс-президентті не байланыстыратыны жөнінде зерттеу жариялаған. Кәсіпкер мен президент 2000 жылдардың басынан бері таныс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG