21 қаңтарда Флорида штатының губернаторы Рон Десантис республикашылдар партиясы атынан АҚШ президенттігіне кандидат жолындағы бәсекеден шығатынын және бұрынғы президент Дональд Трамптың кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді.
Десантис бұл шешімін Х әлеуметтік желісінде жариялаған. Оның сөзінше, мұндай шешімге келуіне Айовада өткен бәсекеде (кокус) қарсыласынан әлдеқайда кем дауыс алғаны түрткі болған.
Би-би-сидің хабарына қарағанда, Десантис мұндай күтпеген мәлімдемені 23 қаңтарда Нью-Гэмпширде өтетін президенттік праймериз қарсаңында жариялап отыр. Десантис бәсекеден шыққан соң республикашылдар ішінде Трамптың жалғыз қарсыласы - Оңтүстік Каролинаның бұрынғы губернаторы және АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы тұрақты өкілі Никки Хейли болады.
"Америка дауысының" жазуынша, көптеген сарапшылар Десантисті "басты үміткер болады" деп есептеген. 2023 жылдың бас кезінде Десантис бірнеше сауалнамада озып тұрған.
- Республика партиясы жақтастарының өткен аптада Айова штатында өткен жиынында Флорида штатының губернаторы Десантис 21% дауыспен екінші орын алған. Трамп 51%, Никки Хейли 19% дауыс жинаған.
- 15 қаңтарда Айовадағы дауыс беру сәтінен АҚШ-та бірнеше айға созылатын партия ішіндегі бәсеке басталып, шілде және тамыз айларында республикашылдар мен демократияшылдардың конференциясымен аяқталады.
ПІКІРЛЕР