Accessibility links

Түркия парламенті Швецияның НАТО-ға қосылуын мақұлдады


Литвадағы НАТО саммиті.
Литвадағы НАТО саммиті.

Түркия парламенті 23 қаңтар күнгі отырыста Швецияның НАТО-ға қосылу туралы өтінішін мақұлдады. Бұл жөнінде Bloomberg жазды.

Әскери одаққа мүше Түркия бір жылдан астам уақыт бойы өтінішті мақұлдаудан бас тартып келген. Президент Режеп Ердоған Стокгольмге бірнеше шарт қойған. Арасында Швециядан саяси баспана алған күрд жұмысшылар партиясының белсенділерін қайтару туралы талап та бар. Түрік билігі оларды террорист деп санайды.

Одан бөлек, Түркия қару-жарақ тасымалы эмбаргосының да күшін жоюды талап еткен. Ердоған Швециядағы Құран өртеу акцияларын сынап, оларға тыйым салуды сұраған.

Былтыр шілдеде АҚШ президенті Джо Байденмен кездескеннен кейін Ердоған Швецияның одаққа қосылуына қарсы емес екенін мәлімдеді. Ол Швецияның одаққа қосылуы жөнінде хаттамаға қазанда қол қойды.

Швеция НАТО-ға мүше болуы үшін енді оның кандидатурасын Венгрия мақұлдауға тиіс. НАТО-ның жаңа мүшесін одаққа мүше елдерді барлығы қолдауға міндетті.

Швеция НАТО-ға қосылуға өтінішті 2022 жылы мамырда Финляндиямен бірге берген. Екі ел де Ресейдің Украинаға басқыншылығын алға тартып, бейтарап саясатынан бас тартқан. Швеция қырғи-қабақ соғыстан кейін НАТО-ның ірі жаттығуларына қатысып келеді.

Ресей саудасында маңызды рөл ойнайтын бұл мемлекеттер одаққа кіргеннен кейін Балтық теңізі одақтың іс жүзіндегі ішкі теңізіне айналады. Ресей мен НАТО елдерінің шекарасының ұзындығы 1215 шақырымнан 2600 шақырымға дейін ұлғаяды.

XS
SM
MD
LG