Accessibility links

Павлодарда тіл белсендісі Руза Бейсенбайтегін "психдиспансерге күштеп қамағаны" хабарланды


Руза Бейсенбайтегі
Руза Бейсенбайтегі

Павлодарда тіл белсендісі Руза Бейсенбайтегін “психдиспансерге күштеп қамағаны жөнінде” ақпарат тарады. 25 қаңтарда Павлодар тұрғыны Сұңғат Сәрсенбаев тағы бір тұрғынмен бірге психдиспансерге барып, Руза Бейсенбайтегіне жолыққан.

Белсендінің сөзіне сүйенген Сұңғат Сәрсенбаевтың айтуынша, кеше, 24 қаңтарда Павлодарда көшеде кетіп бара жатқан Руза Бейсенбайтегінен белгісіз ер адам бір мекенжайды сұраған. Сол ер адаммен арада тіл бойынша кикілжің туындап, ақыры ол “мына әйелдің дені сау емес” деп психдиспансер өкілдерін шақырған. Көп ұзамай жедел жәрдем келіп, күштеп алып кеткен.

Оның айтуынша, диспансер өкілдері мұндай жағдайда дәрігерлер адамды тексеріп, консилиум жасап, содан кейін шешім шығарады, соған сәйкес 22-72 сағат аралығында ұстауға құқығы барын айтқан.

"Бұл таза арандату деп ойлаймын. Шағым түсірген адам жөнінде диспансер ақпарат берген жоқ. Себебі тек адвокат немесе Руза Бейсенбайтегінің туыстары ғана ақпарат ала алады екен" деді Сұңғат Сәрсенбаев Азаттыққа.

Ол қазір жылу жинап, адвокат іздеп жатқанын хабарлады.

“Тіл жанашыры Руза апамыз бұл күндерге шыдап кетуі керек. Ол кісімен сөйлестік. Бәрі жақсы. Енді көшеден алып кетіп, психдиспансерге қамағаннан кез келген адам шок алады. Қазір адвокат іздеп жатырмыз” деді ол.

25 қаңтарда Азаттық бірнеше рет Павлодардағы психоневрологиялық диспансерге хабарласып көрді. Телефон тұтқасын көтерген Жанна есімді қызметкер "басшылар орнында жоқ екенін, ақпараттан хабарсыз" екенін жеткізді.

Павлодар облыстық полицияның кезекшісі берген үш нөмірге Азаттық бірнеше рет хабарласқанмен ешкім телефон тұтқасын көтермеді. Кезекші бөлімінде отырған адам Руза Бейсенбайтегінің "психдиспансерде екенін" растап, "ұстауға полицияның қатысы жоғын" жеткізді.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ІІМ-ге Руза Бейсенбайтегінің ұсталуына қатысты сұрау салған.

"Ақпарат күтіп отырмыз. Әзірге ақпарат келген жоқ" деді ол Азаттыққа.

Павлодар тұрғыны, белсенді Руза Бейсенбайтегін жұрт тіл жанашыры деп біледі. Бұрын ол "қазақ тілінде қызмет көрсетпейтін" мекемелермен соттасып, жеңіске жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG