Петербург соты 26 жастағы Дарья Трепованы кремльшіл әскери блогер Владлен Татарскийді өлтірді деген айыппен 27 жылға түрме жазасына кесті. Бұл туралы Север.Реалий тілшісі хабарлады.
Трепова "топтасып теракт жасау", "жарылғыш заттардың заңсыз айналымы" және "жалған құжат жасау" баптарымен сотталды. Прокуратура Трепованы 28 жылға соттауды сұраған еді.
2 сәуірде Санкт-Петербургтегі кафелердің бірінде жарылыс болып, Кремльді жақтайтын блогер Татарский қаза тапқан. Блогер сөз сөйлеп тұрғанда оған Трепова статуэтка әкеліп берген. Тергеу кафеде сол статуэтка жарылған деп санайды. 3 сәуірде Трепова ұсталып, содан бері қамауда отырды.
Тергеу "Трепова Украинадан басқарылған қылмыстық топқа кірген" деп санайды. Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Украина азаматы Юрий Денисовты ұйымдастырушылардың бірі деп атайды. Ресей органдары Татарскийді өлтіруге Украинада тұрып жатқан журналист, Ресейде тыйым салынған национал-большевистік партияның Мәскеу бөлімінің бұрынғы лидері Роман Попков қатысты деп есептейді.
Трепова Попковпен келісіп, Татарскиймен танысқанын айтады. Ол "статуэтканы апарып берсем, Украинада журналист болып жұмыс істейсің деген уәде алғанмын" дейді. Трепова статуэткада бомба болғанын білмедім деп отыр.
ПІКІРЛЕР