Accessibility links

Халықаралық сот Израильді геноцидке жол бермеуге шақырғанымен, Газадағы соғысты тоқтатуды талап етпеді


Халықаралық сот Израильге қарсы шағымды қарап жатыр. 26 қаңтар 2024 жыл.
Халықаралық сот Израильге қарсы шағымды қарап жатыр. 26 қаңтар 2024 жыл.

БҰҰ-ның жоғарғы соты – Халықаралық сот Израильдің Газа секторындағы әскери әрекеттеріне қатысты қаулы шығарды. Құжатты Израиль геноцидке әкелетін кез келген әрекетке жол бермеуі керек деп жазылған.

17 судьядан тұратын сот алқасы Израильден Газаға шабуылды тоқтатуды талап етпеді. Бұған дейін Оңтүстік Африка Республикасы Халықаралық сотқа шағымданып, Израильден Газа секторына шабуылды тоқтатуды талап еткен.

"Израиль тез арада палестиналықтардың өміріндегі қиын мәселелерді шешу үшін гуманитарлық көмек пен базалық қызметтерді жеткізу үшін тез арада тиімді шара қабылдауы тиіс" деп мәлімдеді Халықаралық соттың президенті Джоан Донохью (ханым) соттың алдын ала шешімін оқып.

"Сот аймақтағы қасіреттің ауқымын қатты түсінеді және бейбіт адамдар өліп, қиын ахуал туындап жатқанына қатты алаңдайды" деді ол.

Израиль тағылған айыптарды мойындамай, Газаға шабуылды Ресейдің Украинаға басқыншылығымен салыстыруды "абсурд" деді.

Израиль өкілдері ХАМАС радикал тобына (АҚШ, ЕО мен Израильде террорлық топ деп танылған) қарсы операциясы кезінде бейбіт тұрғындар зардап шекпеу үшін "бәрін істеп жатқанын" айтты. Тель-Авив ХАМАС тобының соғыс тактикасы салдарынан көп бейбіт тұрғын қаза тауып жатыр дейді.

Сот Израильден Палестина халқын геноцидке ұшыратпауды, геноцидке шақыру ұрандарын болдырмауды, Газадағы қылмыстардың дәлелін жоймауды, Газадағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға күш салуды талап етті. Бұған қоса сот Израильден палестиналықтарға қарсы қылмыс жасайтындарды қатаң жазалауды талап қылды. Тель-Авив үш айдан кейін бұл талаптардың орындалуына қатысты есеп беруі тиіс.

Халықаралық соттың шешіміне шағым түсіруге болмайды, бірақ бұл шешімді орындау-орындамауды әр ел өзі шешеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG