Accessibility links

БҰҰ қызметкерлері ХАМАС-тың Израильге шабуылына қатысы бар деген күдікке ілінді


БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігі Филипп Лаззарини
БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігі Филипп Лаззарини

Газа секторы мен Палестина аумағында жұмыс істейтін БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігі (БАПОР) бірнеше қызметкерін жұмыстан шығарғанын мәлімдеді. Олар 2023 жылы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге шабуылына қатысы бар деген күдікке ілінген. АҚШ пен ЕО ХАМАС-ты террористік ұйым деп таныған.

БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігінің бас комиссары Филипп Лаззаринидің сөзінше, бірнеше қызметкердің шабуылға қатысы бар мәліметті Израиль билігі берген. БАПОР қызметтік тексеріс бастаған.

"Терактіге қатысы бар агенттіктің кез келген қызметкері жауапқа тартылады" деді Лаззарини. Ол агенттік шабуылды "қатаң айыптайтынын" еске салып, барлық Израиль тұтқындарын босатуға үндеді.

Лаззарини "қызметкерлерге қарсы тағылған төтенше айыптаулар" жөнінде БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерришті де хабардар еткен.

Лаззарини күдікке ілінген қызметкерлер санын айтпады, алайда АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде олардың саны 12 екені айтылған. Мәлімдемеге сүйенсек, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "мұқият және жылдам тергеу қажеттігін" атап өту үшін аталған мәселені Гутерришпен талқылаған.

АҚШ – БАПОР-дың ірі демеушісі. Вашингтон оны қаржыландыруды уақытша тоқтатты.

АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарламасында БАПОР Газа секторында тұратын кемінде екі миллион адамға гуманитарлық көмек көрсетумен айналысатыны жазылған.

Израиль бұған дейін БАПОР-ды бірнеше рет сынап, агенттік басқаратын мектептерді ХАМАС террористік мақсаттарына пайдаланғанын айтқан. Израиль жағының мәліметінше, ХАМАС пен "Исламдық жихад" ұйымдарының шабуылы салдарынан Израильде шамамен 1200 адам қаза болған, 240 адам кепілдікке алынған. Басым бөлігі әлі босатылған жоқ, кейбірі қаза болған.

ХАМАС-ты жоюға уәде берген Израиль аталған топтың бақылауындағы Газа секторына соққы жасап жатыр. Палестина жағының мәліметінше, Израиль шабуылының салдарынан Газада 26 мыңнан астам тұрғын опат болған.

XS
SM
MD
LG