Accessibility links

Telegraph: АҚШ ядролық қаруын Ұлыбританияға қайта орналастырмақ


АҚШ Ресей тарабынан қауіп-қатер артуына байланысты кейінгі 15 жылда алғаш рет Ұлыбританияға ядролық қаруын қайта орналастырады. Бұл жөнінде АҚШ қорғаныс министрлігінің құжаттарына сүйенген Telegraph басылымы жазды.

Пентагон мемлекеттік сатып алу сайтындағы құжаттарға сүйенсек, Саффолкідегі әуе базасында баллистикалық қорғаныс құралдары мен гидравликалық рампаларды орналастыру жоспарланып отыр. Жақын арада ол жақта Америка әскері үшін жатақхана салынбақ.

Бұған дейін Telegraph басылымы дереккөздерге сүйене отырып, британдық әуе базаға АҚШ ядролық қару алып жүре алатын F-35A жойғыш ұшақтарының екі эскадрильясын жіберетінін жазған. Оларда B61-12 қуатты гравитациялық бомбалары болмақ.

Telegraph келтірген Пентагон өкілінің сөзінше, АҚШ одақтастарының әскери базаларын тұрақты түрде жаңартып отырады. Мұндай іс-шаралар көбінесе құпия емес құжаттармен қатар жүреді - оларда болжам жазылмаған және қандай да бір нақты позицияларды немесе орналастыру мәліметтерін ашуға арналмаған, деді Пентагон өкілі.

АҚШ "Мәскеу тарабынан қатер азайғандықтан" Ұлыбританиядан ядролық оқтұмсықтарын 2008 жылы алып кеткен. Telegraph-тың жазуынша, АҚШ-тың Ұлыбританияға ядролық қаруын қайтаруы Ресей Украинаға басып кіруінен кейін Кремльмен шиеленістің күшеюіне жауап ретінде ядролық қондырғыларды дамыту және жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі болып саналады.

Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова Американың ядролық қаруды Ұлыбританияға қайтаруын Мәскеу "жағдайды ұшықтыру қадамы" деп санайтынын және "соған жауап шаралар" қабылдауға мәжбүр болатынын айтты.

Қазір АҚШ-тың оқтұмсықтары НАТО-мен ядролық қаруды ортақ пайдалану келісімі аясында Бельгия, Германия, Италия, Нидерланды және Түркияда орналасқан.

XS
SM
MD
LG