Accessibility links

Адвокат: Марат Жыланбаевты Степногорск түрмесіне этаппен алып кеткен


"Тоқаев, Жыланбаевты босат" деп Германия СІМ алдында плакат ұстап тұрған қазақ белсенділері. Берлин, 16 қаңтар 2024 жыл.
"Тоқаев, Жыланбаевты босат" деп Германия СІМ алдында плакат ұстап тұрған қазақ белсенділері. Берлин, 16 қаңтар 2024 жыл.

Түрмедегі оппозиция белсендісі Марат Жыланбаев Степногорскідегі түрмеге ауыстырылды, деп хабарлады 27 қаңтарда адвокаты Мейіржан Досқараев.

"Мен қазір ғана Астананың тергеу изоляторынан – N64 мекемеден шықтым. Мен онда кассациялық шағымға дайындық мәселесін талқылау үшін өзім қорғап отырған азамат Марат Жыланбаевпен кездесуім керек болған. Өкінішке қарай онымен кездесіп, оның денсаулығын біле алмадым. Себебі кеше, 26 қаңтарда Марат Жыланбаевты Степногорск қаласының N4 мекемесіне этаппен алып кеткен екен" деді адвокат 27 қаңтар әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеомәлімдемесінде.

Азаттық 27 қаңтарда Ақмола облысы Степногорскідегі N4 мекемеге хабарласқанмен телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

Былтыр қарашада жеті жылға сотталған Марат Жыланбаев 24 қаңтарда үкімнің күші жойылғанға дейін ұзақмерзімдік аштық жариялайтынын айтқан еді. Қазір оның денсаулығы, жағдайы белгісіз.

19 қаңтарда Астана қалалық соты белсенді, "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырған. Алғашқы инстанциядағы сот Жыланбаевты 7 жыл түрмеге кескен. Азаматтық белсендіге "экстремистік ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыптар тағылған. Бұған дейін прокуратура тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының лидері Марат Жыланбаев "ҚДТ экстремистік ұйымынан тапсырма алып, олардың қызметін қаржыландырған" деп күдіктенген. (Астана шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязовтың ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды). Жыланбаев пен жақтастары істің саяси астары бар деген.

Белсендіге жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары араша түсті.

Былтыр желтоқсанда Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Жыланбаев Конституциядағы ойын еркін айту, бейбіт түрде жиналу құқықтары үшін жауапқа тартылғанын, оның ісінде ешқандай "экстремизм белгілер" жоғын айтқан. Екі ұйым Жыланбаевтың сотының жабық болғанын, құқық қорғаушылардың бақылауына мүмкіндік берілмегенін де сынға алған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаевты "саяси тұтқын" деп таныған. Еуропарламент 17 қаңтар күнгі қарарында Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға үндеп, құжатта Марат Жыланбаевтың да есімін атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG