Accessibility links

Башқұртстанда ұсталғандардың бірі қаза болғаны хабарланды


Арнайы жасақ Уфадағы наразылыққа жиналғандарды күштеп таратуға тырысып жатыр.
Арнайы жасақ Уфадағы наразылыққа жиналғандарды күштеп таратуға тырысып жатыр.

Башқұртстанда белсенді Фаил Алсыновқа шыққан үкімге наразылық білдіру акциясы кезінде ұсталғандардың бірі Рифат Даутов қаза болды. Даутовтың қазасы жөнінде хабарды әпкесі Залия айтты, бұл жөнінде Алсыновтың адвокаты Илнұр Сүйіндіков те жазды. Даутовтың неден өлгені әзірге белгісіз. Алайда бір анығы ол арнайы жасақ алып кеткеннен кейін көп ұзамай мерт болған.

Әпкесінің сөзінше, Даутов Баймақтағы, Уфадағы да наразылық акциясына тіке қатыспаған. Ақпаратқа қарағанда, ол Уфада орталық алаңда акция өтіп жатқан кезде сол маңға жақын жерде болған. 19 қаңтарда кешке оған полиция қызметкері келіп, ескерту берген. Ал 25 қаңтарда қаладан шыққан кезде оны арнайы жасақ алып кеткен. Арнайы жасақ өздерін таныстырмаған, қайда алып бара жатқанын да айтпаған. Көп ұзамай туыстарын Даутовтың денесін тануға мәйітханаға шақырған. Бірақ тергеушінің жоқтығын айтып, мәйітханада оларға Даутовтың денесін көрсетпеген. Туыстары мәйітті әлі көрмеген.

"Оперсводки РБ" телеграм-арнасының жазуынша, Даутов ұсталғаннан кейін көп ұзамай "суррогат ішімдіктен уланып, жүрек ауруынан өлген". Алайда әпкесі бұл мәліметті жоққа шығарады. Оның сөзінше, Даутов ішімдік ішпеген. Бастама тобы билікке қайырылып, оның өлімінің жай-жапсарын тексеруді сұраған, деп жазды "ОВД.Инфо".

"Куәгерлердің сөзінше, ұстау кезінде Рифат Даутовтың денсаулығы жақсы болған және денесінде ешқандай жарақат байқалмаған" деп жазылған хатта. Құқық қорғау органдары әзірге Даутовтың өліміне түсініктеме бермеді.

Жуырда башқұрт белсендісі Дима Дәулеткелдиннің туыстары полиция белсендіні ұрып-соққанын, қазір ауыр хәлде ауруханада жатқанын хабарлаған. Дима Дәулеткелдин Баймақтағы наразылық акцияға қатысып, кейін ұсталған. Билік түсініктеме бермеді.

  • 17 қаңтарда Башқұртстанның Баймақ аудандық соты жергілікті белсенді, Құштау қорғаушысы Фаил Алсыновты "алауыздық қоздыру" ісі аясында 4 жыл түрмеге кескен. Ол тағылған айыппен келіспеді.
  • Белсендіге үкім оқылатын күні сот ғимараты маңына мыңдаған адам жиналды. Олар Алсыновты босатуды талап етті. Полиция жиналғандарды тарату үшін жас ағызатын газ және жарқылдақ граната пайдаланып, демонстранттарды резеңке таяқпен ұрып-соққан. Акциядан кейін ондаған адам ұсталған. Тергеу комитеті "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және оған қатысу", "билік өкілдеріне күш қолдану" баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.
XS
SM
MD
LG