Accessibility links

Ресейдің орталық сайлау комиссиясы "сталиндік кандидаттың" құжатын қабылдап алды


Ресей орталық сайлау комиссиясының отырысы
Ресей орталық сайлау комиссиясының отырысы

Ресейдің орталық сайлау комиссиясы жексенбі, 28 қаңтарда "Ресей коммунистік партиясы" президенттікке кандидат ретінде ұсынған Сергей Малинковичтің құжатын қабылдады. Партия сайтында оны "сталиндік кандидат" деп атайды.

Малинкович заң талабында көрсетілгендей 100 мыңнан аса қол жинағанын мәлімдеген. Орталық сайлау комиссиясы Малинковичтің 19 жәшікке салған "қолын" қабылдаған. Оны тексеруге 10 күн кетеді. Алайда Малинковичтің қол жинап жатқаны байқалмаған, партия сайтындағы мәліметтерден бірер аймақтарда ғана белсенділік танытқаны көрінеді.

Бұған дейін Владимир Путиннің құжаты қабылданған және Ресей мемлекеттік думасындағы партиялар ұсынған үш кандидат та қол жинаусыз-ақ тіркелген.

Украинадағы соғысқа қарсы екенін мәлімдеген кандидат Борис Надеждин ғана әлі қол жинап жатыр. Оның штабы жексенбі - шешуші күн деп мәлімдеген. Надеждин штабының мәліметіне қарағанда, қазірге дейін 200 мыңнан аса қол жинаған. Алайда әр аймақтан өткізілетін қол 2500-ден аспауы керек. Мәселен, Надеждин Мәскеуде 6 мыңнан аса қол жинаған, ал Шешенстанда небәрі төрт адам ғана қол қойған. Надеждин штабы әр аймақтан қанша қол жиналғанын көрсетіп отыр.

Орталық сайлау комиссиясына кандидаттардың құжат тапсыратын уақыты 31 қаңтарда аяқталады.

2018 жылы сайлауда "Ресей коммунистері" атынан Максим Сурайкин президенттікке түсіп, Зюганов басқаратын Ресей компартиясының дауысына ортақтасқан.

  • Ресей президентіне 15-17 наурыз аралығында дауыс беріледі. Тәуелсіз бақылаушылар мен сарапшылар Ресейдегі сайлауды әділетсіз, өйткені билік сайлау процесіне ұдайы араласады, оппозицияға қысым көрсетеді, билікшіл кандидатқа көбірек жағдай жасайды, кейде ашық бұрмалаушылыққа барады деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG