Accessibility links

Финляндия бірінші турда президент сайлай алмады


Александр Стубб
Александр Стубб

Жексенбі, 28 қаңтарда Финляндияда президент сайлауы өтті, алайда қазірге дейінгі мәліметтерге қарағанда, жеңімпаз екінші турда анықталғалы тұр.

Тоғыз кандидаттың ешбірі 50%-дан астам дауыс ала алмаған. Оңшыл-орташыл "Коалициялық партия" кандидаты, бұрынғы премьер-министр Александр Стубб 27% дауыспен алға шыққан. "Жасылдар партиясының" мүшесі, бұрынғы сыртқы істер министрі Пекки Хаависто (26%-ға жуық) екінші орында тұр.

Президент сайлауының екінші туры 11 ақпанға белгіленген. Финляндияның қазіргі президенті танымал саясаткер - Саули Ниинистё. 2012 жылдан бері президент болып келе жатқан ол Конституция бойынша келесі сайлауға қатыса алмайды.

Финляндия - президент билігі шектелген парламенттік республика. Президент қарулы күштердің бас қолбасшысы саналады және үкіметпен бірге елдің сыртқы саясатын айқындайды.

Ресей Украинаға басып кірген соң көрші елмен ара қатынасы суыған сәтте фин президентінің маңызы артып тұр. Ресей Украинаға шабуыл жасаған соң көп ұзамай-ақ Финляндия Швециямен екеуі НАТО-ға мүшелікке алу жөнінде өтініш түсірген. Финляндия 2023 жылдың сәуірінен бастап НАТО мүшесі саналады.

Ресей президенті Владимир Путин Хельсинкидің дәстүрлі бейтарап саясаттан бас тартқанын қателік деп бағалап, Финляндия қауіпсіздігіне ешқандай қауіп жоқғын айтқан. "Путин Финляндияның сыртқы саяси бағытының өзгергені Ресеймен қатынасына теріс әсер етуі мүмкін екенін де баса көрсеткен" деп еске алады РБК.

Биыл 11 қаңтарда Финляндия мигранттардың жаңа толқынынан қауіптеніп, Ресеймен құрғақтағы шекарасын тағы да бір айға жаба тұруды жөн көрген. Хельсинки "үшінші елдердің мигранттарын фин шекарасына әдейі жеткізіп, Финляндияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіргісі келеді" деп Мәскеуді кінәлап отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG