Қырғызстанда Temirov LIVE зертттеу жобасының бұрынғы және қазіргі журналистерін арада 12 күн өткен соң Бішкектің уақытша ұстау изоляторынан тергеу абақтысына ауыстырған. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз редакциясына адвокат Ұлан Сейітбеков хабарлаған.
Ұсталғандарды тергеу изоляторына қамау туралы Бішкек қаласы Первомай аудандық сотының шешіміне қарамастан журналистерді 17 қаңтарда уақытша ұстау изоляторына қамаған болатын. Журналистердің 48 сағаттан артық қамауда отырғанына Азаптаудың алдын алу жөніндегі Қырғызстан ұлттық орталығы назар аударған. Құқық қорғаушылар журналистерді әрі қарай да қамауда қалдыру - азаптау болып саналатынын мәлімдеген.
"Айт, айт десе" және Temirov LIVE жобаларының және "Арча медиа" мен "ПолитКлиника" журналистерін 16 қаңтарда ұстаған. Қырғызстан ішкі істер министрлігі "жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны үшін олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды" деп хабарлаған. Қылмыстық іс "Айт, айт десе" және Temirov LIVE парақшаларында жарияланған материалдар бойынша қозғалған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, Қырғызстанның медиа қауымдастығы мен парламентттің бірқатар депутаттары қамаудағы журналистерді қорғауға кіріскен. Олар объективті тергеу жүргізуді, журналистерді бостандыққа шығаруды және сөз еркіндігіне қысым жасамауды талап еткен.
ПІКІРЛЕР