Accessibility links

Рамзан Қадыров өз әкімшілігіндегі лауазымды қызметке қызын тағайындады


Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың қызы Хадижат Қадырова
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың қызы Хадижат Қадырова

Ресей федерациясы құрамындағы Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыровтың екінші қызы Хадижат (Карина) Шешенстан басшысы әкімшілігі мен үкіметі жетекшісінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы жаңалықты Рамзан Қадыровтың өзі телеграм-каналында жариялады. Ол өз әкімшілігінің жетекшісі Галас Таймасхановпен кездескенде осындай ұсыныс болғанын айтады.

Қадыровтың сөзінше, ол "ұсынысты мақұлдаған". Хадижат әлеуметтік сала бойынша жауапты болады деп жазды әкесі. Бұған дейін Хадижат Қадырова Грозный қаласының мектепке дейінгі білім департаментін басқарған.

Былтыр қазан айында Қадыров қызы Хадижатқа "әлеуметтік саланың еңбек сіңірген қызметкері" деген құрметті атақ берген. Сол айда Хадижаттың күйеуі, Шешенстанның бұрынғы ішкі істер министрі Адам Алхановтың ұлы Шешенстан денсаулық сақтау министрлігінің басшысы болып тағайындалған. 2021 жылы Хадижат Қадырова "Шешенстан республикасына сіңірген еңбегі үшін" медалімен марапатталған. Ал 2022 жылы оған Шешенстанның жоғарғы мемлекеттік наградасы – Ахмат Қадыров атындағы орден табыс етілген.

Рамзан Қадыровтың екінші Хадижат Қадырованы АҚШ, Еуропа одағы мен Жапония санкция тізіміне енгізген.

Ашық дерек көздеріндегі ақпарат бойынша, Хадижат ҚҚадырова был 17 қаңтарда 23 жасқа толған.

  • Ресми ақпаратқа сай, Рамзан Қадыровтың 14 баласы бар. Көбі мектеп бітіре салысымен бірден жоғары лауазымды қызметке тағайындалып, мемлекеттік наградалармен марапатталады.
  • Қадыровтың ең үлкен қызы Айшат Қадырова 2023 жылғы қазан айында Шешенстан үкіметі жетекшісінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалған.
  • Рамзан Қадыровтың үлкен ұлы Ахмат былтыр қарашада Шешенстан республикасы дене шынықтыру, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлігі жетекшісінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.
  • Қадыровтың тағы бір ұлы – Адам былтыр Құран өртеп, мұсылмандардың намысына тиді деген айыппен тұтқындалған Никита Журавлевті тергеу абақтысында ұрып-соққаннан кейін «Шешенстан батыры» атағымен марапатталған.
  • 2022 жылғы ақпанда Рамзан Қадыровтың үшінші қызы Хутмат әкесінің хатшылығы жетекшісінің орынбасары болып тағайындалған. Ол орта мектепті 2019 жылы бітірген. Мемлекеттік лауазымды қызмет атқаратын адамның жоғары білімі болуы шарт. Ашық дерек көздерінде Хутматтың жоғары білімі бар екенін растайтын ақпарат жоқ.
  • Шешенстанда Рамзан Қадыровтың балалары, туыс-туғандары түрлі мемлекеттік лауазымды қызмет атқаратыны бұған дейін баспасөзде жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG