Accessibility links

Қарабақты қайтарған Әзербайжанда президентті сайлау науқаны қалай өтіп жатыр?


Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Әзербайжан-Ресей әріптестігіне арналған көрмеде. 23 ақпан 2022 жыл.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Әзербайжан-Ресей әріптестігіне арналған көрмеде. 23 ақпан 2022 жыл.

Әзербайжан халқы 7 ақпан күні президентін сайлайды. Бірақ сайлау таяп қалғанда, бүгінгі билікке қарсылас саналатын саяси партиялар бойкотқа үндеп жатыр. Сол себепті қазір Илхам Әлиевтің жеңетініне ешкімде күмән қалмады. Елде "Әлиев қандай басымдықпен жеңеді?" деген сұрақ ғана жауапсыз қалып отыр. Таулы Қарабақты қайтарған соң, ол бұрын-соңды болмаған қолдауды көре ме?

15 қаңтар күні Әзербайжанда президент болуға үміткерлер арасында теледебат өтті. Көрермен дебатерлердің қайсысы қазіргі президентті жақтап отырғанын, қайсысы оған қарсы екенін түсіне алмаса, мұны түсінуге болады.

"Президент Илхам Әлиев сөзінде тұрып, берген әрбір уәдесін орындады" деді кандидаттардың бірі Фуад Әлиев (президентке туыс емес) теледебат кезінде. Тағы бір кандидат Захид Орудж Әзербайжан тарихындағы ұлы мемлекеттік қайраткерлердің барлығы да Илхам Әлиевке дауыс берер еді деп мәлімдеді.

Президенттің өзі бұл дебатқа қатыспай, өкілі өкілі Тахир Будаговті жіберді.

"Құрметті Тахир мырза, сіз өкілдік етіп отырған кандидатыңыздың қуатын білесіз бе?" деп сұрады Будаговтан "Ұлттық майдан партиясының" жетекшісі Рази Нуруллаев. "Біздің партия Қарабақты азат етіп, Әзербайжанның тұтастығы мен егемендігін қалпына келтіреміз деп жылдар бойы айтып келді, бірақ мұны іске асырған сіздің кандидатыңыз" деді Нуруллаев Әзербайжанның 2023 жылғы қыркүйекте Армения бақылауында болған Таулы Қарабақты қайтарып алғанын меңзеп.

Президенттікке 2003 жылы өз әкесі Гейдар Әлиевтен кейін келген Илхам елді қатаң бақылауда ұстады. Нағыз оппозиция саналатын партиялар бар-ақ. Бірақ олар сайлауға бойкот жариялап, жасанды кандидаттар жасап қалды.

Әзербайжандағы сайлауда жалғыз драма Илхам Әлиевтің қанша пайыз дауыс алатыны төңірегінде өрбіп жатыр. 2008 жылғы сайлауда ол 89 пайыз дауыс жинап, рекорд орнатқан еді. 2013 жылғы сайлауда Әлиев 85 пайыз, ал 2018 жылғы сайлауда 86 пайыз дауыс алған. Қазір жұрт Әлиев бесінші сайлауында өз рекордын жаңарта ма деген сұрақты қызықтап отыр.

Сайлау төңірегіндегі жұрт күтпеген жайт – сайлаудың қазір жарияланғаны. Дауыс беру 2025 жылға белгіленген еді, бірақ өткен желтоқсанда Илхам Әлиев сайлау уақыты өзгеретінін мәлімдеді.

Илхам Әлиевті жарнамалайтын постер. Баку, 15 қаңтар 2024 жыл.
Илхам Әлиевті жарнамалайтын постер. Баку, 15 қаңтар 2024 жыл.

Әлиев сайлау қашан өтсе де, жеңетініне сенімді. Бірақ дауыс беру уақытының өзгергеніне қарасақ, ол науқанға әлсіз болса да қатер төнгенін қаламайды.

Әлиев Әзербайжанның Таулы Қарабақтағы жеңісінің шуағына әлі күнге дейін бөленіп отыр. 2023 жылғы күзде Бакудің жойқын әскери операциясы кезінде Таулы Қарабақтағы арменияшыл сепаратистік өкімет жеңіліп, аймақтағы 100 мыңнан аса армян Арменияға көшуге мәжбүр болды.

Баку мен Ереван қарым-қатынасы Таулы Қарабақ үшін жылдар бойы шиеленісіп келді. Армения қолдауына ие жікшіл күштер Әзербайжанның армяндар көп тұратын аумағын 1990 жылдардың басындағы соғыс кезінде өз бақылауына алған. Бұл соғыстан 30 мыңға тарта адам қаза тапқан. 2020 жылы соғыс қайта басталып, алты аптаға ұласты да, Ресейдің араласуымен бітім жарияланды.


Таулы Қарабақтағы жеңіс ел назарын қаншалық ұзақ ұстап тұратыны белгісіз. Қазір Әзербайжан экономикасы тоқырауға ұшырап отыр. Дүниежүзілік банк есебінше, 2023 жылдың алғашқы 11 айында елдің жалпыұлттық ішкі өнімі бар болғаны 0,8 пайызға артқан. Сонымен қатар, елде әлеуметтік мәселелер де күшейіп келеді.

Соғыстан кейін Әлиев "үлкен саяси капиталға кенелді, сол себепті оған сайлауға қазір түскен әлдеқайда жеңіл" дейді Бакуде орналасқан Сайлауды бақылау және демократияны зерттеу орталығының жетекшісі, саясаттанушы Анар Мамедли. "Елдің болашағы, соның ішінде әсіресе әлеуметтік және экономикалық жағдайы қалай болады деген алаңдау бар. Олар сол себепті қазіргі импульсті пайдаланып отыр".

Әлиев сайлау күнін не себепті өзгерткеніне үш уәж айтты. 10 қаңтарда жергілікті телеарналарға берген сұхбатында ол Қарабақтағы жеңіс жаңа сайлауды талап ететін "жаңа дәуір" бастағанын, пост-советтік Әзербайжанда Қарабақта алғаш рет сайлау өтетінін және өзінің президенттікке келгеніне жақында 20 жыл толғанын айтты.

"20 жылдан кейін сайлау өткізу хронологиялық мерзімді сабақтайды" деді ол.

Бұл уәжді Әзербайжандағы нағыз оппозициялық партиялар қабылдамай, сайлауға бойкот жариялады. Олар алдыңғы сайлауларда да сөйткен. Әлиевке шынайы қарсылас саналатын кандидат сайлауға кейінгі рет 2013 жылы түскен. Ол кезде тарихшы Жәміл Хасанлы 6 пайыздан төмен дауыс жинаған.

2013 жылы президенттік сайлауға түскен тарихшы Жәміл Хасанлы. Архив.
2013 жылы президенттік сайлауға түскен тарихшы Жәміл Хасанлы. Архив.

"Бұл қойылымда бізге шағын рөл берді, бірақ біз оған қатысқымыз келмейді" деді Әзербайжандағы "Халықтық майдан партиясының" жетекшісі Әли Керімлі. "[Қазіргі науқан] сайлауға және әділ бәсекеге жатпайтынын бәрі білсін".

"Мусават" партиясы да кандидат ұсынудан бас тартты.

Мамедлидің айтуынша, саясатпен шұғылдануды қолға алып, жаңа оппозициялық партияның негізін қалаған экономист Губад Ибадоглу сайлауға түседі деген болжам болған. Бірақ 2023 жылғы маусымда ол жалған ақша жасады деген айыппен қамауға алынған. Ол мұны саяси астары іс деп атаған. Ибадоглу әлі қамауда отыр.

Ибадоглу сайлауға түссе, қанша пайыз дауыс алатыны белгісіз, бірақ ол Әлиевке қолайсыз кандидат болатыны анық еді дейді Мамедли. "Бәлкім Губад Әли Керімлі секілді танымал емес болар, бірақ ол – тік мінезді адам, [кандидат ретінде] өкіметпен тіресе алатын еді" дейді Мамедли. "Оның қамауға алынғаны биліктің дайындығын көрсетеді. Олар бұл сайлауда ешбір балама [кандидатты] көргісі келмеді".

Шынайы бәсеке болмай тұрған кезде оппозиция рөлін маргинал тұлғалар сомдап отыр. Биылғы кандидаттардың үшеуі (Әлиевтен өзгесі) 2018 жылғы президенттік сайлауға да түскен. Ол кезде де кандидаттар арасында мардымды пікірталас байқалмаған. Кандидаттардың бірі тіпті өз дауысын Әлиевке беретінін айтқан.

Биылғы кандидаттардың басым бөлігі парламентте депутат қызметін атқарады. Олар түрлі партияның атынан өкілдік еткенімен, Әлиевтің "Жаңа Әзербайжан" партиясымен тіреспейді, өкіметке қарсылық танытпайды. "Бұлар – өкімет құрған партиялар" дейді Бакуде орналасқан "Ашық Әзербайжан" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Зохраб Исмаил.

Әлиевтен өзге алты кандидаттың алтауы да осы күнге дейін қазіргі президентті қолдап келген" делінген ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясының мәлімдемесінде.

Төрт кандидат 2023 жылдың қазан айында Әлиевке мадақ айтылған ашық хатқа қол қойған. Ол хатта: "Әзербайжандағы саяси партиялар еліміздің бақытты болашағы үшін тағы да ниеттестігін білдіреді және жоғары мәртебелі [басшымыз ретінде] еліміздің гүлденуі мен мәңгі егемендігі үшін жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатыңызды қолдайтынын мәлімдейді" деп жазылған.

Тағы бір кандидат Орук билік бақылауындағы Әлеуметтік зерттеулер орталығын басқарады. Бұл қызметке оны Әлиевтің өзі тағайындаған.

Кандидаттардың жасанды екенін статистикалық тұрғыда ықтималдығы төмен сандардан-ақ көруге болады. Кандидат ретінде тіркеуге қажет қол жинау кезінде бір сәтте кандидаттардың бірінде 4444 қол, бірінде 4000 қол, екеуінде 3333, екеуінде 3076 қолдан болған.

Азаттық радиосы Әзербайжан қызметінің дерегінше, кандидат ұсынған партияларды өкімет қаржыландырады және бұл партиялар көбіне бір не екі адамнан тұрады.

"Бұрын олар [өкіметтен] ақшаны заңсыз алатын", дейді Бакуде орналасқан "Саяси менеджмент институты" сараптамалық орталығының басшысы Әзер Гасымлы. "Енді олар осы төлемдерді заңдастырып отыр".

"Оппозиция" кандидаттары жүзеге асуы екіталай саяси ұсыныстар айтып, сайлау науқанын тірілтуге тырысып жатыр. Кандидаттардың бірі елді Солтүстік Әзербайжан Республикасы деп атауды ұсынды. Ұлтшылдарға ұнауға тиіс бұл ұсыныстың астарында Ирандағы әзербайжандар көп тұратын аудандарын қосып, үлкен Әзербайжан құру туралы идея жатыр. Армениядағы Сюник облысын Әзербайжандікі деп тану керек, Сириядағы Ресей күштерін қолдау үшін әзербайжан әскерін жіберу қажет деген ұсыныстар да айтылды.

"Олар бұл қисынсыз идеяларды Әлиевтен жақсы кандидат жоқ деп көрсету үшін айтып отыр" дейді "Ашық Әзербайжан" ұйымының жетекшісі Зохраб Исмаил.

Сайлау науқаны бұрын-соңды болмаған қатаң жағдайда өтіп жатыр. Халықаралық рейтингтерге қарағанда, постсоветтік елдер арасында Әзербайжан көптен бері еркіндігі ең төмен елдердің қатарында. 2022 жылы қабылданған "БАҚ туралы" заң мен 2023 жылы күшіне енген "Саяси партиялар туралы" заң саяси дискуссия алаңын одан әрі тарылтып жіберді. Бұдан соң тәуелсіз журналистер мен оппозиция қайраткерлерін жаппай ұстау науқаны жүрді.

Әділ сайлауды талап етуші наразыларды ұстап жатқан Әзербайжан полиция жасағы. Архив.
Әділ сайлауды талап етуші наразыларды ұстап жатқан Әзербайжан полиция жасағы. Архив.

"Билік сайлау кезінде алаяқтық жасап, бізді жеңістен айыруы мүмкін екенін бұрыннан білеміз. Бірақ біз әйтеуір сайлау кезеңін өз науқанымыз үшін пайдаланып, режимді әшкереледік" деді "Халықтық майдан партиясының" шенді өкілдерінің бірі Илхам Гусейн Азаттықтың Әзербайжан қызметіне.

"Олар енді сайлау науқанынан хабар таратып, сайлау кезіндегі алаяқтықты көрсететін кей журналистерді қамауға алып отыр. Ал оппозиция лагерінің белді қайраткері Тофик Ягублуға өте ұятсыз айыптармен қамауға алынды" деді Гусейн.

Дей тұрғанымен шынайы оппозициялық партияларды сайлауға қатыспады деп айыптап жатқандар да бар.

"Өкінішке қарай, нағыз оппозиция Әзербайжанда балама жоқ деген картинаға үлес қосып отыр" дейді Зохраб Исмаил. "Жеңіске жету ғана емес, қозғалыс құрып, жағдайда өзгертуге ұмтылу да маңызды".

"[Оппозиция лидерлерінің] ешқайсысы сайлауға дайын болмаған, мерзімінен бұрын өтетін сайлауды күтпеген" деді Азаттықтың Әзербайжан қызметіне берген сұхбатында Гасымлы. "Оппозиция осы жылдары немен айналысты? Өкімет күн тәртібін құрып отырды, оппозиция сол тәртібіне еріп отырды. Басқа ештеңе жоқ".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG