Accessibility links

Зерттеушілер Украинада 43,5 мың ресейлік әскери қызметкер қаза болғанын растады


Украинадағы соғыста қаза болған 43 460 ресейлік әскери қызметкердің аты-жөні анықталды. Адам шығынын BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" еріктілермен бірігіп анықтады.

Қаза болғандардың 8099-ы – түрмеден соғысқа әкетілген бұрынғы тұтқындар, 5216 адам - мобилизацияға ұшырағандар.

Кейінгі екі аптада тізімге жаңадан 1176 адам қосылды, 15-і – подполковник және одан да жоғары шенділер.

Жерлеу рәсімінің көп бөлігі Свердловск, Челябинск, Ростов облыстарында, сонымен бірге Бурятияда өткен.

Зерттеушілер ашық дереккөздерге – жергілікті әкімдіктер, ақпарат құралдары мен марқұмдардың туыстары берген ақпаратқа сүйеніп есеп жүргізіп келеді. Одан бөлек, зираттардағы мәліметтерге де сүйенеді. Шын мәнінде адам шығыны одан да көп болуы мүмкін.

Бұған дейін АҚШ орталық барлау басқармасының жетекшісі Уильям Бернс соғыс басталғалы бері 315 мың ресейлік әскери қызметкер қаза болған немесе жараланғанын мәлімдеген.

  • Мәскеу мен Киев Украинадағы соғыста қаза болған әскерінің санын айтпайды. Тараптар соғыстағы жетістіктерін асыра көрсетіп, сәтсіздіктерін жасыруға бейіл, деп жазды BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона".
XS
SM
MD
LG