Accessibility links

Мәскеуде мобилизацияланған азаматтардың жақындарының акциясы кезінде журналистер ұсталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Мәскеуде мобилизацияланған азаматтардың жақындарының "Путь домой" атты акциясынан хабар таратқан журналистерді полиция ұстады.

Ұсталғандар арасында "Осторожно, новости", SotaVision, "Коммерсант", France Press, Spiegel басылымының тілшілері бар. Бұған қоса, "За права человека" қозғалысының құқық қорғаушылары да ұсталған. "ОВД-Инфо" сайтының мәліметінше, автозакта 27 адам болған, барлығын полиция бөліміне жеткізген.

Акцияға қатысушылардың бірі Мария Андрееваның сөзінше, ұсталғандар арасында мобилизацияланған азаматтардың туыстары да бар. Олар автозактың жолын бөгеуге тырысқан, алайда оны полицейлер тықсырған.

Мәскеу уақытымен сағат 11:45-те астана прокуратурасы қала орталығындағы "рұқсат етілмеген акция" қатысушыларына ескерту жариялады.

Сенбі күні Кремль маңындағы Александров саябағында мобилизацияға 500 күн толуына орай соғысқа кеткен азаматтардың әйелдерінің акциясы өткен. Шамамен жүз адам "Белгісіз солдат" қабіріне гүл шоқтарын қойды.

  • Ресейде мобилизация 2022 жылы күзде – Ресей армиясы Украинада жеңіліске ұшырап жатқан шақта басталған. Ресми мәлімет бойынша, армияға 300 мың адам жіберілген. Билік Украинадағы соғыс аяқталған кезде ғана мобилизация мерзімі бітетінін меңзеген.
  • Мәліметке қарағанда, мобилизацияланғандардың кемінде 5216-сы майданда қаза болған. Соғысқа әкетілген азаматтардың жақындары әуелі әскери дайындықтың жоқтығы мен жабдықтау деңгейі нашарлағанына шағымданған еді. Ал енді олар мобилизацияланғандарды қайтаруды талап етеді.
XS
SM
MD
LG