Accessibility links

Пәкістанның бұрынғы премьері және оның әйелі жеті жылға сотталды


Бибі Бушра және Имран Хан
Бибі Бушра және Имран Хан

Равалпинди соты Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Имран Хан және оның әйелі Бушраны "ажырасқаннан кейін жылдам той жасағаны үшін" жеті жылға бас бостандығынан айырды. Бұл осы аптада Имран Ханға шыққан үшінші үкім.

Азаматтық соттың шешіміне сәйкес, мұсылмандарға қасиетті саналатын Құран әйелдерге ажырасқаннан кейін бірден тұрмысқа шығуға тыйым салса да саясаткердің үйлену тойы 2018 жылы қаңтарда өткен, деп жазды Азаттықтың Пуштун қызметі.

Бушра Биби 2017 жылы қарашада ажырасқан. Ол үш ай күтуге тиіс болған.

71 жастағы саясаткер Пәкістан үкіметіне 2018-2022 жылдар аралығында жетекшілік еткен. 2022 жылы елде саяси текетірес қызған шақта парламент оған сенімсіздік жариялап, отставкаға жіберген. Қызметінен кеткеннен кейін оған елуден астам іс қозғалды, арасында терроризм бабы бойынша ашылған іс те бар.

2023 жылы мамырда саясаткер жемқорлық айыбымен ұсталды. Бұл елде жаппай наразылыққа түрткі болған. Тамызда ол үш жылға еркіндігінен айырылды. Жуырда 30 қаңтарда ол "мемлекет құпиясын ашты" деген айыппен он жыл түрмеге кесілді. 31 қаңтарда ол жемқорлық бабы бойынша әйелімен бірге 14 жылға сотталған. Олар тағылған барлық айыпты жоққа шығарып, істердің саясиланғанын айтқан.

8 ақпандағы сайлауға аз қалғанда бір аптада Ханға үш үкім шықты. Сот оны сайлауға жібермеген.

XS
SM
MD
LG