Accessibility links

Зеленский Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысын ауыстыратын ойы барын растады


Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский қарулы күштердің бас қолбасшысы "ауыстыру" туралы "ойластырып" жүргенін растады. Ол жексенбіде Италияның Rai1 телекомпаниясына берген сұқбатында Валерий Залужныймен келіспейтін тұстары туралы айтқан.

Бірақ ол тек әскери саладағы ғана емес, жоғары биліктегі өзге де жоғары лауазымды тұлғаларды ауыстыратын ойы бар екенін ескерткен, нақты шешім қабылдағаны немесе қабылдамағаны туралы айтпаған.

Бұған дейін АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан жексенбіде CBS телекомпаниясына берген сұқбатында Украинаның кадр мәселесіне АҚШ араласпайтынын мәлімдеген. "Кадр мәселесі - Украина мен Украина президентінің өз құқығы", – деді Салливан.

Джо Байденнің кеңесшісі "Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныйдың қызметінен кетуі мүмкін екенінен Ақ үйдің хабары бар ма" деген сұраққа тура жауап бермесе де оның сөзінен "АҚШ-тың хабары бар екені" аңғарылғандай болған.

"Біз мұндай мәселеге араласпайтынымызды айтқанбыз" деген Салливан "Залужныйдың отставкасы майдандағы жағдайға қалай әсер етуі мүмкін" деген сұрақты жауапсыз қалдырған.

Залужныйдың отставкасы туралы хабар Украина БАҚ-тары мен телеграм-арналарында 29 қаңтарда пайда болған. Арада бірнеше сағат өткенде Украина басшылығы ол ақпаратты теріске шығарған.

2 ақпанда The Washington Post газеті өзінің ақпарат көздеріне сілтей отырып, Украина басшылығы Залужныйды қызметінен босататыны туралы Джо Байденді құлағдар еткенін хабарлаған. Алайда бұл мәселеге Ақ үй қандай да бір пікір айтқан емес.

Газет мақаласында Украинадағы танымал тұлғалардың бірі Залужныйдың кеткені әскерге моральдық тұрғыда әсер етіп, Украина қарулы күштері Ресей әскеріне тойтарыс бере алады деп сеніп келген Батыс донорларын екіұдай күйде қалдыруы мүмкін екендігі сөз болған. Украина баспасөзі мен блогосферасы генералдың кетісі жөнінде әртүрлі реакция білдірген.

Зеленский мен Залужный арасындағы келіспеушілік туралы ақпарат былтыр пайда болған. Бірақ екеуі де бірін-бірі ашық сынаған емес.

Зеленскийдің сөзіне қарағанда, 2 ақпанда Залужный Жоғарғы бас қолбасшы ставкасының отырысында баяндама жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG