2023 жылы Ресей авиациясында төтенше жағдай айтарлықтай көбейген. Бұл туралы ашық мәліметтерді зерттеумен шұғылданатын компанияға сілтеп, The Wall Street Journal жазды. Басылым мұны Ресейге салынған санкциямен байланыстырады.
Германияның Jacdec зерттеу компаниясының мәліметіне қарағанда, 2023 жылы Ресейде жолаушылар ұшағы кемі 74 рет төтенше жағдайға кезіккен. 2022 жылы бұл көрсеткіш - 36 болған. Мұндай мәліметтерді Cirium зерттеу компаниясы да растайды. Оның есебінше, Ресейде 2023 жылы әрбір 100 мың ұшу кезінде 10-ға жуық оқиға болған, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш бұдан екі есе аз еді.
Былтыр Ресейде ірі ұшақ апаты болған жоқ. Ең үлкен апат "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин мен серіктері мінген ұшақ апаты болатын. Апат себебі ресми түрде анықталмаған, тергеуді құпия жүргізген. Бейресми болжамдарда "Пригожиннің ұшағы Ресей билігінің тапсырысымен құлатылған" деген пікір айтылған.
Пригожин ұшағынан өзге көбірек резонанс туғызған апаттың бірі - гидрожүйесі істен шығып, Новосбирск облысындағы егістікке қонған ұшақ болды. Апат кезінде қаза болғандар жоқ.
"Ірі апаттар айтарлықтай көп болмағанымен ұдайы техникалық кемшілік шыға бергені - жолаушылар мен ұшқыштарға психологиялық қысым", - дейді WSJ сарапшылары.
Санкция бойынша Ресей әуекомпаниясының ұшақтарына батыстың өндіруші компаниялары қызмет көрсетпейді, қосалқы бөлшек бермейді. Бұған дейін Ресейдің бірқатар әуекомпаниялары техникалық регламенттерін қайта қарап, бұрын рұқсат етілмей келген кейбір техникалық кемшілікке қарамастан ұшуға рұқсат беруге кіріскені айтылған.
Былтыр желтоқсанда Росавиация әуе апаты көбеймегенін мәлімдеген. Дегенмен бірқатар БАҚ мұндай тенденцияның бар екенін жыл бойы жазды. Былтыр қыркүйекте, Новосибирскідегі апаттан кейін "Новая газета Европа" қаңтардан тамызға дейінгі аралықта жолаушылар ұшағы 120 рет төтенше жағдайға ұшырағанын, мұның бұрынғыдан екі есе көп екенін жазған.
ПІКІРЛЕР