Accessibility links

Майқайыңда үйінді астында қалған екі адамның жақындары іздеу жұмыстарын тоқтатпауды талап етті


Автобус құлаған жердегі құтқару жұмыстары. Майқайың, Павлодар облысы, 8 қаңтар 2024 жыл.
Автобус құлаған жердегі құтқару жұмыстары. Майқайың, Павлодар облысы, 8 қаңтар 2024 жыл.

Павлодар облысында "Майқайыңалтын" кеніші аумағында шұңқырға автобус құлағаннан кейін жоғалған 36 жастағы құтқарушы Айдос Шаймерден мен 55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергеновтің туыстары іздеу жұмыстарын тоқтатпауды талап етті. Іздеу жұмыстары бірнеше күн бұрын тоқтаған еді.

Айдос Шаймерденнің әйелі Нұрсұлу іздеу жұмыстарына тиісті тәжірибесі бар өзге елдің мамандарын тарту қажеттігін айтады. Әйел билікке видеомәлімдеме жасады.

"Іздеуді тоқтатуға болмайды, тек қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету керек. Халықаралық деңгейдегі мамандарды шақыруды қаншама рет өтіндік. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, менің жолдасым мен жүргізуші 64 метр тереңдікте екен. Өзге құтқарушылардың басын қауіп-қатерге тігуге болмайтынын түсінемін, алайда бізді бұлыңғыр жағдайда қалдыру да адамдыққа жатпайды. Қазір жұрттың мемлекетке деген сенімі бес баланың әкесі жағдайында сыналып жатыр" деді Нұрсұлу Шәймерден.

Оның сөзіне Айып Тілеубергеновтің жақындары да қосылды.

"Біз де іздеуді жалғастырамыз. Бірақ әзірге жаңалық жоқ" деді Азаттыққа жүргізушінің ұлы Мейірбек Тілеуберген.

3 ақпанда төтенше жағдай министрлігі автобус құлаған жерде жарықшақтар пайда болып, іздеуге қатысқан мамандардың өміріне қауіп төнгенін хабарлаған. Бір күннен кейін төтенше жағдай департаменті іздеу-құтқару жұмысы тоқтағанын хабарлаған.

"Іздеу жүргізіліп жатқан аумақта қуыстар анықталды. Опырылып түсіп кетуі әбден ықтимал" деді департамент өкілдері.

5 ақпанда төтенше жағдай министрлігі Павлодар облысындағы шұңғырға құлаған автобусты әрі қарай іздестіру керек пе, жоқ па деген мәселені арнаулы комиссия қарайтынын айтқан.

Үш құтқарушы және жүргізушісі бар автобус биыл 4 қаңтарда тереңдігі 200 метр, ені 500 метр бұрынғы шахта орнына жермен бірге опырылып түскен. 24 жастағы Бердіхан Сарқыт пен 52 жастағы Олег Тышковичтің денесі сол күні автобустан бөлек табылған. 36 жастағы құтқарушы Айдос Шаймерден мен 55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі сол күйі табылмаған.

Қаза болған жұмысшылардың туыстары құтқарушыларға ештеңе ескертілмегенін, жолда жарық болмағандықтан құтқарушылар шұңқырды көрмей қалғанын айтады. Билік те, компания да бұған түсініктеме бермеді.

Қаңтар соңында оқиғаның себебін зерттеген арнайы комиссия "оқиғаға жауапты" жеті адам анықталғанын хабарлаған, алайда олардың қызметін атамады. Комиссия оқиғаны "топтық қайғылы оқиға" деп атаған. Полиция тергеу басталғанын хабарлағанмен іс бойынша ұстау-қамау болғанын-болмағанын айтпады.

"Майқайыңалтынның" 100 пайыз акциясы Кипрде тіркелген Rence Enterprises компаниясына тиесілі. Оның иесі Сербия азаматы Милан Попович. Компанияның екі кеніші мен кен байыту фабрикасы және әртүрлі бөлімдері бар. Майқайыңда алтын өндірісі 20 ғасырдың 30-жылдары басталған.

XS
SM
MD
LG