Алматының Наурызбай аудандық сотында "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыпталған жеті адамның жарыссөзі өтіп жатыр. 31 қаңтарда прокурор оларға 3 жылдан 15 жылға дейін жаза сұраған.
Сәрсенбі күні түске дейінгі отырыста айыпталушылар Ақылжан Қисымбаев пен Сағынкүл Қонар және олардың адвокаттары сөйлеп, істі тоқтатып, өздерін ақтауды сұрады.
Қаңтар оқиғасында жараланып, кейін изоляторда қамауда болған Ақылжан Қисымбаев, өзінің билікке қарсылығы мен ызасы орынды екенін айтты. "Жазықсыз азаптап, мүгедек етті, мен тек биліктен мені тегін емдеуін талап етіп, прокуратураға шағымданып жүрдім" деді Қисымбаев жарыссөзде
– Мен билікті сынап, қарсы сөз айта аламын, бұл заңға қайшы емес. Мен сөйлесем, азапталған соң сөйледім. Мен құқық қорғау қызметкерлерінің адамдарды «сындырғанын», өлімші етіп сабағандарын да көзім көрді. «Заң бұзбаңдар, заң шеңберінен аттамаңдар» дейсіздер, мен заңның бұзылғанын сол түрмеде көрдім. Қамаудағы 19 күннің әрі күнінде төрт сағатқа әкетіп, азаптаулардан өттім, аман қалып, босап шыққасын, үндемей тұра алмадым, - деді Қисымбаев.
Қисымбаевтың сөзінше, екі жыл бұрын 5 қаңтарда құрылыс нысанында кезекте жүрген кезде оқ тиген. Кейін ауыруханадан арнайы жасақ оны алып кетіп, изоляторда 19 күн жатқан. Ол өзін азаптағандарды жазаға тартуды талап етіп, Алматының прокуратурасына жиі шағымданып жүріп, азаптау туралы істің қозғалуына қол жеткізгенімен, кейін ол іс дәлел табылмағансын жабылып қалған.
2022 жылы президент сайлауға санаулы күн қалғанда ұлттық қауіпсіздік комитеті «билікті күшпен алмақ болған» топты әшкерелегенін айтып, жеті адамды ұстаған. Соның бірі осы Ақылжан Қисымбаев. Содан бері ол Алматының тергеу изоляторында қамауда отыр.
Жарыссөзде сөз алғандардың бірі – зейнеткер Сағынкүл Қонар. Ол өзінің айыпталушылармен бірнеше рет қана кездесіп, кейбірін тіпті танымайтынын айтты. 38 томдың іс-матреиалдарында өзінің айыбын дәлелдейтін айғақтың жоғын айтып, өзін ақтауды сұрады.
- Қылмыстық кодекстің 179 және 272 баптарына сәйкестендіру үшін кездесулерді өздері ұйымдастырып, аудио және бейнежазбалардың стенаграммаларына айтылған ойдың мағынасын өзгерту үшін біздің сөзіміздің орнына басқа сөзді жазып, естіліп тұрған сөзді «естілмеді» деп көрсетіп, бұрмалаған, - деді Сағынкүл Қонар.
«Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» мақсатында «экстремистік топ құрып», «билікті басып алуды көздеген» деген айып тағылған Ақылжан Қисымбаев пен Сағынкүл Қонарды прокурор 13 жылға соттауды сұрады.
Сотталушылардан кейін сөз алған олардың адвокаттары да тергеудің бір жақты жүргенін, айып дәледенбегенін, соған қармастан прокурордың сұраған жазасы тым ауыр екенін атап өтті. Олар да қорғауындағы азамттарға қатысты істі тоқтатып, оларды ақтауды сұрады.
Сәрсенбі күні түске дейінгі сот отырысында прокурор сөйлеген жоқ.
ПІКІРЛЕР