Accessibility links

Freedom for Eurasia: Қарақалпақ белсендісі мен отбасын Польша әуежайының қамау орнында кемінде 12 сағат ас-сусыз ұстаған


Наурызбай Меңлібаев
Наурызбай Меңлібаев

Австрия билігі саяси пана сұраған қарақалпақ белсендісі Наурызбай Меңлібаевтың өтінішін кері қайтарып, белсендіні отбасымен бірге 8 ақпанда Польшаға депортациялады. Бұл жөнінде Венадағы "Еуразия үшін бостандық" үкіметтік емес ұйымы хабарлады.

Ұйым заңгерлерінің айтуынша, өзбек билігі қудалаған белсенді Наурызбай Меңлібаев әйелі және 1 жастағы сәбиімен бірге 8 ақпанда Дублин процедурасына сәйкес Австриядан Польшаға (босқын бірінші барған ел) жіберілген. Варшаваның Шопен әуежайының қамау орнында оларды кемінде 12 сағат ас-сусыз ұстаған. Құқық қорғау ұйымы Польша билігін босқын мәртебесін сұрағандардың құқықтарын бұзбауға үндеп, оларды босатуға шақырды.

"Отбасы 8 ақпан таңғы сағат бестен бері жолда болған және Варшаваның Шопен әуежайына 8 ақпан шамамен сағат 9-дарда жеткен. Олар қамауға алынып, ас-сусыз кемінде 12 сағат ұсталған. Нәресте әлі көкірек сүтімен қоректенеді, алайда ас-сусыз және стресс жағдайында анадан сүт шықпай қалады. Балаға беретін арнайы тамақ та жоқ, баланың денсаулығына қатер төнді" деп жазды ұйым хабарламасында.

Құқық қорғау ұйымы Польша билігін босқын мәртебесін сұрағандардың құқықтарын бұзбай, өтініш-тілектерін қарап, тамақ-су беріп, босатуға үндеді.

Бұған дейін құқық қорғау ұйымы Наурызбай Меңлібаевқа Польша босқын мәртебесін бермегенін, оны Қазақстан немесе Өзбекстанға депортациялау қатері төнгенін айтқан. Жақтастарының айтуынша, бұрын оны өзбек құқық қорғау органдары қинап, азаптаған.

Заңгердің сөзінше, тағы бір қауіп – оны отбасымен бірге Польшадан депортацияланғанға дейін босқындарға арналған лагерьге қамауы мүмкін, ал ондағы жағдай да мәз емес.

"Польшаның босқын мәртебесін сұрағандарға арналған лагерьлері стандартқа сәйкес еместігімен танылған, онда жағдай өте нашар. Польша сонымен бірге туған елінде әділетсіз сот пен азаптау күтіп тұрғанына қарамастан диссиденттерді еліне жиі қайтарады" деген еді "Еуразия үшін бостандық" үкіметтік емес ұйымының төрағасы, заңгер Лейла Назгүл Сейітбек.

7 ақпанда Наурызбай Меңлібаев Азаттыққа егер оны Польшаға жіберсе, поляк үкіметі оған елден шығып кетуге 30 күн беретінін, өздерін не күтіп тұрғанын білмейтінін айтқан еді. Жас отбасы әрі қарай не болатынына уайымдайды.

Азаттық әзірге Польша билігінен түсініктеме ала алмады.

Сарапшылар Еуроодақ босқын мәртебесін сұраған адамдарды жиі депортациялай бастағанын айтады. Былтыр Франция мен Германия өзбек, тәжік азаматтарын депортациялау туралы шешім шығарып, белсенділердің сынына қалған.

Ақпаратқа қарағанда, Наурызбай Меңлібаев Қазақстан азаматтығын 2013 жылы алған. 2022 жылы Қарақалпақстандағы оқиғадан кейін Қазақстанда қарақалпақ белсенділері ұстала басталған кезде Меңлібаев елде қалмауға тырысқан. Меңлібаевтың сөзіне сүйенген жақтастары 2015 жылы Өзбекстанға барған кезде оның азаптауға ұшырағанын айтады. Кейін Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің араласуымен босатылған деп айтылады. Әзірге бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дереккөз табылмады.

Қарақалпақстанда 2022 жылғы шілдеде болған ірі қантөгістен кейін Қазақстанда жүрген қарақалпақ белсенділері қысымға ұшырағанын айтып шағымдана бастады. Қарақалпақтың бірнеше белсендісі Өзбекстан билігінің сұрауымен Қазақстанда ұсталған. Олардың қатарында Тілеубике Юлдашева, Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова бар.

Ресми Астана бұл адамдардың босқын мәртебесін беру туралы өтінішін орындамай келеді. Бір жыл тергеу изоляторында болған қарақалпақ белсенділері былтыр күзде қамаудан түгел босап шықты. Алайда құқық қорғаушылар Өзбекстан билігінің сұрауы әлі күшінде екенін, белсенділер Қазақстаннан экстрадициялануы мүмкін екенін айтады. Бұған дейін халықаралық Human Right Watch адам құқығын қорғау ұйымы Астананы қарақалпақ белсенділерін еліне қайтармауға үндеп, олардың өміріне қауіп төніп тұр деп мәлімдеген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG