Accessibility links

Австрия саяси пана сұраған қарақалпақ белсендісін елден шығармақ. Құқық қорғаушы отбасының жағдайына алаңдайды


Босқындар лагерінде ілініп тұрған карта. Көрнекі сурет.
Босқындар лагерінде ілініп тұрған карта. Көрнекі сурет.

Австрия билігі саяси пана сұраған қарақалпақ белсендісі Наурызбай Меңлібаевтың өтінішін кері қайтарып, белсендіні елден шығарайын деп отыр. Бұл жөнінде ақпаратты алғаш болып қазақстандық белсенді Ақылбек Мұратбай Twitter желісінде хабарлады. Оның айтуынша, егер құқық қорғаушылар араласпаса, белсендіні осы апта ортасында Польшаға депортациялайды.

Венадағы "Еуразия үшін бостандық" үкіметтік емес ұйымының төрағасы, заңгер Лейла Назгүл Сейітбек 7 ақпанда кешке Азаттыққа қазір Наурызбай мен оның отбасы Венадағы депортация орталығында отырғанын хабарлады.

"Оны Дублин процедурасына сәйкес Польшаға депортациялайын деп жатыр. Оның Польшаға түсірген [саяси пана сұрау туралы] өтініші қабылданбаған және поляк билігі оған босқын процедурасынан қайта өтуге рұқсат бермеуі мүмкін. Сол себепті оған Өзбекстан немесе Қазақстанға депортациялау қаупі төніп тұр" деді Лейла Назгүл Сейітбек.

Қарақалпақ белсендісі Наурызбай Меңлібаев
Қарақалпақ белсендісі Наурызбай Меңлібаев

Заңгердің сөзінше, тағы бір қауіп – оны отбасымен бірге Польшадан депортацияланғанға дейін босқындарға арналған лагерьге қамауы мүмкін, ал ондағы жағдай да мәз емес.

"Польшаның босқын мәртебесін сұрағандарға арналған лагерьлері стандартқа сәйкес еместігімен танылған, онда жағдай өте нашар. Польша сонымен бірге туған елінде әділетсіз сот пен азаптау күтіп тұрғанына қарамастан диссиденттерді еліне жиі қайтарады" дейді заңгер.

"Еуразия үшін бостандық" ұйымы Адам құқығы жөніндегі Еуропа сотына өтініш түсіріп, депортацияны шегере тұруға қол ұшын беруін өтінген. Егер құқық қорғаушылар араласпаса, Наурызбай Меңлібаев отбасымен бірге 8 ақпанда Польшаға жөнілтілмек.

Азаттықтың "Мигрант. Медиа" жобасының өкілдері сәрсенбі күні Наурызбай Меңлібаевпен сөйлесіп көрді. Оның шамамен 3-4 минут сөйлесуге мүмкіндігі болған. Наурызбай Меңлібаевтың болжамынша, егер оны Польшаға жіберсе, поляк үкіметі оған елден шығып кетуге 30 күн бермек. Жас отбасы әрі қарай не болатынына уайымдайды.

Азаттық әзірге Австрия билігінен түсініктеме ала алмады.

Сарапшылар Еуроодақ босқын мәртебесін сұраған адамдарды жиі депортациялай бастағанын айтады. Былтыр Франция мен Германия өзбек, тәжік азаматтарын депортациялау туралы шешім шығарып, белсенділердің сынына қалған.

Ақпаратқа қарағанда, Наурызбай Меңлібаев Қазақстан азаматтығын 2013 жылы алған. 2022 жылы Қарақалпақстандағы оқиғадан кейін Қазақстанда қарақалпақ белсенділері ұстала басталған кезде Меңлібаев елде қалмауға тырысқан. Меңлібаевтың сөзіне сүйенген жақтастары 2015 жылы Өзбекстанға барған кезде оның азаптауға ұшырағанын айтады. Кейін Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің араласуымен босатылған деп айтылады. Әзірге бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дереккөз табылмады.

Қарақалпақстанда 2022 жылғы шілдеде болған ірі қантөгістен кейін Қазақстанда жүрген қарақалпақ белсенділері қысымға ұшырағанын айтып шағымдана бастады. Қарақалпақтың бірнеше белсендісі Өзбекстан билігінің сұрауымен Қазақстанда ұсталған. Олардың қатарында Тілеубике Юлдашева, Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова бар.

Ресми Астана бұл адамдардың босқын мәртебесін беру туралы өтінішін орындамай келеді. Бір жыл тергеу изоляторында болған қарақалпақ белсенділері былтыр күзде қамаудан түгел босап шықты. Алайда құқық қорғаушылар Өзбекстан билігінің сұрауы әлі күшінде екенін, белсенділер Қазақстаннан экстрадициялануы мүмкін екенін айтады. Бұған дейін халықаралық Human Right Watch адам құқығын қорғау ұйымы Астананы қарақалпақ белсенділерін еліне қайтармауға үндеп, олардың өміріне қауіп төніп тұр деп мәлімдеген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG