Accessibility links

"Мені Өзбекстанға бермеңіздер". Қарақалпақ белсендісінің үміт пен үрейге толы өмірі


Қарақалпақ белсендісі Сағындық Нұрымбетов Өзбекстан күш құрылымдары қызметкерлері азаптағанын айтып, жарақаты түсірілген суретті көрсетіп отыр. Ақтөбе, 18 қараша, 2023 жыл
Қарақалпақ белсендісі Сағындық Нұрымбетов Өзбекстан күш құрылымдары қызметкерлері азаптағанын айтып, жарақаты түсірілген суретті көрсетіп отыр. Ақтөбе, 18 қараша, 2023 жыл

Азаматтық ұстанымы үшін өз елінде түрлі қысым көрген қарақалпақ белсендісі Сағындық Нұрымбетов бассауғалап Қазақстанға кетуге мәжбүр болған. 2023 жылғы сәуірде Қарақалпақстанның Кегейлі ауданынан қашып шыққан ол қазір Ақтөбе қаласында тұрып жатыр. Өзбекстанға барсам қауіп төніп тұр деген белсенді Қазақстаннан саяси босқын мәртебесін сұрағанымен, әлі ала алмай жүр.

"ӨКІМЕТТІҢ ШАРТЫНА КЕЛІСКЕНДЕЙ БОЛЫП, ЕЛДЕН ҚАШЫП ШЫҚТЫМ"

– Қарақалпақстандағы кез келген белсенді сияқты менің де ол жақтағы өмірім кейінгі 3-4 жылда тозаққа айналып кетті. Әр қадамым аңдулы еді. Саяси белсенділермен кездеспек болып, телефонмен сөйлессем сол бойда үйіме милиция қызметкерлері жетіп келетін. Кейін милиция мені тергеусіз, сотсыз-ақ үйқамаққа алды. 2021 жылдан бастап екі жылдай бейресми үйқамақта болдым. Милиция үйіме келіп, ертелі-кеш бағып отыратын. Бірі тапсырып кетеді, екіншісі қабылдап алады. Өкіметтің құрығынан оңай құтылмасымды білдім де, ақыры олардың шартына келіскендей сыңай таныттым, – деп бастады әңгімесін 50 жастан асқан Сағындық.

"Аяғымнан айырылдым". Ақтөбедегі қарақалпақ белсендісі Ташкент қысымына шағынды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:36 0:00

Белсендінің айтуынша, билік оған "бізге Бектемір Қарақасқырды ұстауға көмектес" деген шарт қойған.

Бектемір Қарақасқыр – қарақалпақ белсенділері арасында танымал есім. Бірақ оның нақты кім екенін Сағындық Нұрымбетов те, қарақалпақтың өзге белсенділері де білмейді. Қарақасқырды ешкім ешқашан көрмеген. Белсенділер оның өмірдегі шын аты-жөні басқа болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Бір анығы, ол – Қарақалпақстанды егемен статусынан айыру саясатына түбегейлі қарсы әрі өзбек билігін сынап жүрген белсенді. Бектемір Қарақасқырмен телефоннан сөйлескендер оның орыс тілін жетік білетінін, технология көмегімен дауысын үнемі өзгертіп отыратынын айтады.

Сағындық Нұрымбетов Бектемір Қарақасқырмен байланысқанын, бірақ оны өзбек билігіне ұстап беру ниетінің болмағанын айтады.

– Қарақасқырға "мені кездесуге шақыр" дедім. Ол маған "Қазақстанда кездесейік" деп хат жазды. Сол хатты көрсетіп, 2023 жылы сәуірде Өзбекстаннан қашып шықтым, – дейді ол.

Нұрымбетов содан бері Қазақстанда ықтиярхатпен жүр. Бұл құжат оған Қарақалпақстандағы жағдай ушықпай тұрған кезде, 2016 жылы шілдеде берілген. Құжаттың қолдану мерзімі 2025 жылғы желтоқсанда аяқталады. Ықтиярхаты бар Сағындық Қарақалпақстан мен Қазақстан арасында жүрген.

"БАЛАЛАРЫМНЫҢ ӨМІРІ ҮШІН ҚОРҚАМЫН"

Қарақалпақстаннан қашқан белсенді қазір Ақтөбенің шетіндегі саяжайда ескі шағын үйді отбасымен жалға алып тұрып жатыр. Екі баласы мен әйелі Назыгүл Тілеумұратова Сағындықтың соңынан Ақтөбеге былтыр шілдеде келген. Төртеуі де жұмыссыз.

Қарақалпақ белсендісі Сағындық Нұрымбетовтің отбасы саяжайдағы ескі шағын үйді жалға алып тұрып жатыр. Ақтөбе, 18 қараша, 2023 жыл
Қарақалпақ белсендісі Сағындық Нұрымбетовтің отбасы саяжайдағы ескі шағын үйді жалға алып тұрып жатыр. Ақтөбе, 18 қараша, 2023 жыл

– Ұлым Бүркітбайдың ескілеу көлігі бар. Сол көлікпен жолаушы тасиды. Ескі көліктің жайын білесіз ғой. Жүргенінен тұрғаны көп. Балам бұрын Алматыда құрылыста жұмыс істеген еді. Сөйтіп жүргенде 26 жасқа келді. Ал қызым Камилла 21 жаста. Ол да Ақтөбеге келгелі кездейсоқ табыспен жүр. Әйелім екеуміз осы екі баланың табысына қарап отырмыз, – дейді Сағындық.

Елуден енді асқан Сағындық пен Назыгүлдің төрт баласы бар. Тұрмыстағы үлкен қызы бала-шағасымен бірге Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында тұрады. Биыл 11-сыныпта оқып жүрген кенже қызы Фатиманың құжаттары дайын болмай, ол да Қарақалпақстанда қалған.

– Елде қалған екі қызым мен туыстарымның қауіпсіздігіне қатты алаңдаймын. Тіпті Ақтөбеде отырсам да өзімнің, бала-шағамның өмірі үшін қорқамын. Өйткені Қазақстан мен Өзбекстан шекаралас. Форма кигендер бізді кез келген уақытта ұрлап әкетуі мүмкін. Олар адам аямайды, – деп белсенді қаупін жасырмады.

Өзбекстан билігінің қысымынан кейін Қазақстанға қашқан қарақалпақ белсендісі Сағындық Нұрымбетов пен әйелі Назыгүл (оң жақта) дастархан басында. Ақтөбе, 18 қараша, 2023 жыл
Өзбекстан билігінің қысымынан кейін Қазақстанға қашқан қарақалпақ белсендісі Сағындық Нұрымбетов пен әйелі Назыгүл (оң жақта) дастархан басында. Ақтөбе, 18 қараша, 2023 жыл

Сағындық пен оның отбасы тұрып жатқан көлемі 30 шаршы метр шағын үйдің едені салқын. Ескі үйде жиhаз атаулы жоқтың қасы. Түпкі бөлмедегі шағын диванда Сағындықтың ортаншы қызы Камилла демалып жатты. Екінші бөлмеде кереует те, диван да жоқ. Бұрышта көрпешелер жинаулы тұр. Азаттық тілшісі барған кезде Назыгүл шағын үйдің кіреберісіндегі ас әзірлейтін бөлмеде қарақалпақша палау пісіріп жатыр екен. Сағындықтың сөзіне қарағанда, палауға қосылған сиыр етін бір танысынан қарызға алған.

"ПОЛИЦИЯ ЕКІ САҒАТ САБАП, ЭЛЕКТРОШОКЕР БАСТЫ"

Сағындық 2021 жылы 13 шілдеде Қарақалпақстанның Қожалы қаласында өткен Қарақалпақстанды өзбектендіру саясатына қарсы митингіге қатысқанын айтады. Бұл наразылыққа Өзбекстан премьер-министрінің сыртқа ілінетін атауларды латын қарпіне ауыстыру туралы қаулысы түрткі болған. "Сол митингіден соң билік белсенділерді жаппай жазалай бастады" деп күрсінді Сағындық.

Сағындық Нұрымбетов Өзбекстан ішкі істер органы қызметкерлері оны табанынан резеңке балғамен ұрғанын айтып, жарақаты түсірілген суретті көрсетті. Ақтөбе, 18 қараша, 2023 жыл
Сағындық Нұрымбетов Өзбекстан ішкі істер органы қызметкерлері оны табанынан резеңке балғамен ұрғанын айтып, жарақаты түсірілген суретті көрсетті. Ақтөбе, 18 қараша, 2023 жыл

– Үйде тығылып жатқаным жөн болмас деп, 16 шілдеде Қожалының полиция бөлімшесіне өз аяғыммен бардым. Сол жерде мені екі сағат бойы сабады. Бетіме, денеме электрошокер басты. Тепкілеп тастады. Екі жігіт арқамды қабырғаға тіреп қойып, екі санымды езгіледі. Резеңке балғамен табанымнан ұрды. Бетіне қарасаң – көзіңе ұрады, сөйлесең – аузыңа ұрады. Бөлімшеде алты сағаттай болдым. Оның екі сағатында соққыға жықты. Содан бері екі аяғым бастырмай қалды, – дейді Сағындық Нұрымбетов.

Азаттық тілшісімен әңгімелескен Сағындықтың қимыл-қозғалысы ауыр екені аңғарылып тұрды. Аяғын ілбіп басып, үй ішінде әрең қозғалып жүр. Айтуынша, денсаулығына байланысты қазір үйден ұзап шыға алмайды. Екі аяғы жансыздана бастаған соң Ақтөбеде дәрігерге қаралған. Дәрігер 15 жылдан бері қант диабетінің бірінші типімен ауыратын Сағындықтың екі аяғын кесіп тастау қаупі барын айтқан. Қарақалпақ белсендісі инсулинге тәуелді. Мұны белсендінің Азаттық тілшісіне көрсеткен дәрігер берген анықтамалары да растайды.

"Қарақалпақстанның Қожалы ауданындағы полиция бөлімінде соққыға жығылып, денсаулығым нашарлады" деген Сағындық Нұрымбетов 2021 жылы тамызда Өзбекстанның астанасы Ташкентке барған. Ташкентте құқық қорғаушы Елена Урлаевамен кездесіп, күш құрылымдарының үстінен шағым түсірген.

– Жағдайды білген соң Елена Урлаева мені Ташкенттегі клиникалардың біріне апарып емдететін болды. Кезек алып беріп, өзі "банктен ақша алып келемін" деп есіктен шыққан еді. Кезек күтіп отырған менің жаныма екі жігіт келіп отырды. Сәлемдесіп те үлгермедім. Екеуі қолтығымнан көтеріп әкетіп, әйнегі қап-қара көлікке мінгізді. Яғни, мені тал түсте ұрлап әкетті. Психологиялық қысым жасап, аман-сау тұрғаныңда ауылыңа қайтуың керек деді. Жол-жөнекей қорқытып, Елена Урлаеваны қаралайтын видео түсіріп алды. Ертесіне Қарақалпақстанның Кегейлі ауданы Жүзімбақ ауылындағы өз үйіме әкеп тастады, – дейді Сағындық.

Қарақалпақ белсендісінің сөзін "Өзбекстанның құқық қорғау альянсы" қоғамдық қозғалысының мүшесі Елена Урлаева да растап отыр. Оның айтуынша, оқиға 2021 жылғы 26 тамызда Ташкент қаласында болған.

– Адам ұрлау – ауыр қылмыс. Сағындықты күштеп әкеткенін дереу жалпы жұртқа жария қылдым. Прокуратураға да, ішкі істер министрлігіне де жаздым. Бірақ ондағылар белсенділер туралы сауалымның бәріне үнемі "бұл дерек расталмады" деп жауап береді. Меніңше, Қарақалпақстанда заң мүлдем жұмыс істемейді. Өзбекстанда шағым жазылса, қандай да бір әрекет жасалады ғой. Қарақалпақстанда олай емес, – дейді Елена Урлаева.

"ҚАЗАҚСТАННАН КӨМЕК СҰРАЙМЫН"

Сағындық Нұрымбетовтің өзі "қанша қысым көрсем де Өзбекстанның Қарақалпақстанды егемендігінен айырып, өзбектендіру саясатына қарсыласуымды қоймадым" дейді. Ол 2022 жылы Өзбекстанның Қарақалпақстанды егемен статусынан айыруға қарсы Нөкістегі наразылыққа да қатысқан.

Сағындық Нұрымбетов, қарақалпақ белсендісі. Ақтөбе, 18 қараша, 2023 жыл
Сағындық Нұрымбетов, қарақалпақ белсендісі. Ақтөбе, 18 қараша, 2023 жыл

– Түрлі тосқауылдарға қарамай, ауылдан шығып кетіп, Нөкістегі демонстранттарға қосылдым. Адамдарды ит атқандай атып тастады. Көзіммен көрдім. Басында бос патрон ба деп ойлағанмын. Жоқ, кәдімгі оқ екен. Терезелер сынып, ағаш жапырақтары ұшып түсіп жатқанын көрдім. Оқ зу-зу етіп жатты. Үш метрдей жерге жарылғыш зат түсіп, құлағым естімей қалды. Есеңгіреп отырған жерімнен біреулер жақын маңдағы үйлердің біріне апарып тастапты, – деп еске алды ол 2022 жылғы шілденің басындағы оқиғаны.

"Қарақалпақстанға барсам өзбек билігінің қысымына ұшыраймын" деп қауіптенетін Сағындық өзіне және отбасына саяси баспана алуға көмектесуін сұрап ақтөбелік құқық қорғаушыларға жүгінген. Құқық қорғаушылар оған қолындағы ықтиярхаттың мерзімі аяқталған соң арыздана алатынын айтқан. Белсендінің сөзінше, ықтиярхат тек өзінде бар, ал отбасының өзге мүшелері уақытша тіркеуге алынған.

– Мен Қазақстаннан көмек сұраймын. Қолдан келсе мені Өзбекстанға бермеңіздер. Себебі өзіме, отбасыма қауіп төніп тұр, – дейді ол.

Азаттық Сағындық Нұрымбетовтың айтқандарына байланысты Өзбекстанның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Мұзафар Османовқа хабарласты. Елшілік өкілі Азаттықтың "Нұрымбетовке өзбек билігі тарапынан қысым көрсетілгені рас па?", "Нұрымбетов Өзбекстанда қылмыстық, әкімшілік жауапқа тартылған ба?" деген сауалдарына "бұл адамды ешкім білмейтін сияқты, сондықтан жауап күтіп отырмыз" деп жазды. Мақала жарияланғанға дейін елшілік өкілінен жауап келмеді.

Мұзафар Османов бұған дейін Азаттыққа "Өзбекстанда ешқандай қысым жоқ. Көргілеріңіз келсе, Қарақалпақстанға апарайық, не болып жатқанын көресіздер" деген еді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРАҚАЛПАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІНІҢ ЖАЙ-КҮЙІ

Совет дәуірінде Қарақалпақстан СССР құрамындағы автономиялық республика болған. 1930 жылдары Өзбек ССР-іне қосылып, бірақ автономия мәртебесін сақтап қалған. Өзбекстан тәуелсіздік алған кезде Қарақалпақстан референдум өткізіп, түбі дербес мемлекет атану құқығына ие болды.

2022 жылы маусымның аяғында Өзбекстан билігі Конституциясына енгізуге ұсынылған өзгерістер жобасынан қарақалпақтарға референдум арқылы бөлініп шығуға кепілдік беретін бапты алып тастамақ болған. Бұл аймақ халқының наразылығын туғызып, Қарақалпақстан халқы Конституция жобасына қарсы наразылыққа шықты. Ресми деректерде осы наразылық барысында 21 адам қаза тапқаны айтылды.

Іле-шала Өзбекстан билігі Қарақалпақстанның мәртебесін өзгерту ниетінен айнып, жаппай тәртіпсіздікке ұласқан наразылыққа "сыртқы күштерді" кінәлады. Ресми Ташкент наразыларға оқ атқан күш құрылымдары мен оларға бұйрық берген өкілетті тұлғаларды айыптамады.

Қарақалпақстанда 2022 жылғы шілдеде болған ірі қантөгістен кейін Қазақстанда жүрген қарақалпақ белсенділері қысымға ұшырағанын айтып шағымдана бастады. Қарақалпақтың бірнеше белсендісі Өзбекстан билігінің сұрауымен Қазақстанда ұсталған. Олардың қатарында Тілеубике Юлдашева, Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова бар.

Ресми Астана бұл адамдардың да босқын мәртебесін беру туралы өтінішін орындамай келеді. Бір жыл тергеу изоляторында болған қарақалпақ белсенділері қамаудан түгел босап шықты. Алайда құқық қорғаушылар Өзбекстан билігінің сұрауы әлі күшінде екенін, белсенділер Қазақстаннан экстрадициялануы мүмкін екенін айтады. Бұған дейін халықаралық Human Right Watch адам құқығын қорғау ұйымы Астананы қарақалпақ белсенділерін еліне қайтармауға үндеп, олардың өміріне қауіп төніп тұр деп мәлімдеген еді.

Ал Сағындық Қазақстан өзіне саяси босқын мәртебесін береді деп үміттенеді. Ол Қазақстан билігінен бөлек БҰҰ мен ЕҚЫҰ сынды халықаралық ұйымдардан, Еуропа елдерінен де жәрдем сұрайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG